Бельгияның 12 университетімен келісімшарт орнатамыз – Саясат Нұрбек

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Бельгия жоғары білім және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді. Тараптар жасанды интеллект пен математиканы зерттейтін зертхана, сондай-ақ сирек металдарды байыту және металлургия орталығын ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ақорда кулуарында айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ақорда кулуарында айтты.

Министрдің мәліметінше, ертең алғаш рет Қазақстан-Бельгия жоғары білім форумы өтеді. Форумға Бельгияның 12 университетінің ректоры қатысады. Қазақстан тарапынан ұлттық және техникалық жоғары оқу орындарының басшылары келеді. Жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгия королі Филипп те қатысады.

Саясат Нұрбектің айтуынша, биыл маусымда Мемлекет басшысының Брюссельге ресми сапарында екі маңызды келісімге қол қойылған.

– Біріншісі – Гент университеті мен Alem.ai орталығы арасында «Жасанды интеллект және математика» арнайы зертханасын ашу туралы келісім. Әсіресе бельгиялықтар алгоритмдер мен математикалық модельдеуде өте мықты. Екінші маңызды келісім Бельгияның ең үздік университеттерінің бірі Левенмен жасалған. Ол әлемнің ТОП-50 оқу орны қатарына кіреді және 600 жылдық тарихы бар. Сол университет пен Өскемендегі Шығыс Қазақстан техникалық университеті «Сирек металдарды байыту және металлургия» орталығын ашады, – деді С. Нұрбек тілшілерге берген сұхбатында.

Министр Қазақстанда сирек металдар қоры мол екенін, алайда оларды байыту, сол шикізаттан қажетті компоненттер өндіру, чиптер мен ғарыш технологияларына арналған материалдар жасау әдістерін әлі де дамыту керегін айтты.

– Жақында Президенттің Кореяға барған сапарында біз Кореяның КИРАМ сирек металдар орталығымен арнайы келісімшартқа қол қойдық. Корея үкіметі бұл жобаға 14,5 млн доллар инвестиция құяды. Келер жылы Алматыда Сәтпаев университетінің негізінде «Кен байыту және сирек металдар» орталығы ашылады, – деп еске салды ол.

Спикердің айтуынша, ертеңгі Қазақстан-Бельгия жоғары білім форумында жалпы 12 келісімге қол қойылады. Құжаттар қос дипломды магистратура мен докторантура бағдарламаларын іске асыруды, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы аясында докторанттарды Бельгияның жетекші университеттеріне ғылыми тағылымдамаға жіберуді қамтиды.

Саясат Нұрбек микроэлектроника мен чип индустриясын дамытуды да маңызды бағыттардың бірі ретінде атады.

– Бельгияда әлемдік чип индустриясы үшін маңызды ірі орталық бар. Бельгия мен Нидерландта чиптердің дизайнын әзірлейтін мамандандырылған орталықтар жұмыс істейді. Ресми сапар кезінде осы бағытта кездесулер өткізіп, келіссөз жүргіздік. Әзірге нақты келісімшарт жасалған жоқ, сондықтан жұмысты жалғастырамыз, – деді министр.

Айта кетейік, 11-14 қазан күндері Бельгиялықтар Королі Филипп және Патшайым Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапары өтеді.

Сапар бағдарламасы төрт негізгі бағытты қамтиды. Олар – аса маңызды пайдалы қазбалар, жасанды интеллект, денсаулық сақтау, сондай-ақ тарих пен мәдениет.

Бельгияның федералдық министрі Жан-Люк Крюйке қазақстандықтар қызметтік паспортпен Еуропаның үш еліне визасыз бара алатынын мәлімдеген еді.