Берденов ісі: Қорғаушы тарап пен жәбірленушінің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады

Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Қалалық соттың апелляциялық алқасы бұрынғы қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сотталған Ернар Жиембайдың ісіне қатысты тараптардың шағымдарын қарады.

Отырыстың қорытындысы бойынша үкім өзгеріссіз қалдырылды.

Қорғаушы тарап пен жәбірленуші тарап үкімге қарсы қарама-қарсы ұстаныммен апелляциялық шағым түсірген болатын.

Ернар Жиембайдың қорғаушылары жазаны жеңілдетуді сұрап, 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеу жазасына ауыстыруды талап етті.

Адвокаттардың айтуынша, олардың қорғауындағы азаматтың Руслан Берденовті өлтіруге ниеті болмаған, тек қорқытқысы келген. 

Ал жәбірленуші тарап, керісінше, жазаны қатаңдатуды талап етті. Руслан Берденовтің өкілі тағайындалған жаза жасалған қылмыстың ауырлығына сай емес екенін айтты.

Сот тараптардың уәждерін тыңдап, олардың өтініштерін қанағаттандырмады және бірінші инстанция сотының үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте Берденов ісі бойынша апелляциялық сот басталғанын жазған болатынбыз. 

21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім болған. Ол жарақат алып, ауруханаға түсті. 

Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасауға қатысты резонанстық іс бойынша үкім шығарылды. 

Сот үкімімен Ернар Жиембай 9 жылға бас бостандығынан айырылды.