Ақтөбе облысындағы үш ірі су қоймасы қазір жартылай толды. Облыстық ТЖД бастығы Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, егер күн тез жылынып, қар жылдам ерісе, Ақтөбе су қоймасы толып, 85 миллион текше метр су артық жиналуы мүмкін. Бұл «Қазгидромет» және «ҚазСуШар» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарының мәліметтеріне сай шығарылған шешім. Ал Қарғалы су қоймасында ешқандай қауіп жоқ.
«Өткен жылы болған жағдайды есімізден шығарған жоқпыз. Бүгін Ақтөбе қаласына қауіп төндіреді деген жерлерді араладық. Қалаға, қала тұрғындарына қауіп төндіретін Қарғалы, Елек өзендері мен оларға құятын кішкентай бірнеше өзен бар. Ауа райының ертең қалай болатынын білмейміз. Күрт өзгеріп кетуі мүмкін. Қазір қолда бар мәліметке сүйенетін болсақ, қардың қалыңдығы өткен жылдан екі есе аз. Үш су қоймасы да 50 пайызға толмаған. Бірақ жердегі тоң 20-150 сантиметрге дейін жеткен. Ертең ауа рай тез жылынса, қар тез еріп, судың баратын жері болмай қалады. Жұмысты пысықтап, зерттеу керек. Өткен жылдан сабақ алып, су жиналатын жерлерді білеміз. Тексеру, тазалау жұмысы жүріп жатыр. Ақтөбе қаласы ғана емес Хромтау, Ырғыз, Қарғалы аудандарында да қауіпті аумақтар бар»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Жиын кезінде өңір басшысы аудан әкімдері мен орынбасарларына, төтенше жағдайлар қызметіне жұмысты үздіксіз жүргізуге тапсырма берді.
«Синоптиктер апта сайын болжамды дұрыс беруі керек. Су шаруашылығы мекемесі де апта сайын қоймаларындағы жағдайды баяндауы тиіс. Су өтетін арналарды ертең тазартамыз деп отыра беруге болмайды. Күн райы күрт өзгеріп тұр. Шығыста тез күн жылып кететінін кім білген? Сондықтан әкімдер мен орынбасарлары аяғымен жүріп, көзімен көріп, қажет болса, қолымен ұстап көруі тиіс. Құбыр тазартылды ма, ол жерден су өте ма? Бәрін біліп отырыңдар»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында 43 елді мекенді су басу қаупі бар. Ол ауылдарда 12 мыңнан астам адам тұрады. Облыста 290 мың текше метр қар шығарылды. Жанар-жағармай, инертті материалдар дайындалды.