Бүгін Ақтөбеге әр аймақтан ауыл шаруашылығына жауапты әкімдік өкілдері мен шаруалар жиналды. Олар ауыл шаруашылығын дамыту, экспортты арттыру, цифрлық технологияны шаруашылыққа енгізу жолдарын талқылап, мәселелердің түйінін шешуге тырысты. Алдымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің ауыл шаруашылығы саласының даму жолдарын баяндады. Мәселен, 2017 жылы ауыл шаруашылығы 210 миллиардтан астам өнім шығарды. Жерді тиімді пайдалану мақсатында есеп жүргізіліп, өткен жылы 7 миллион га жер аумағы зерттелді, қосымша 400 мың гектар жер пайдалануға берілді.
«Ауыл шаруашылығының өнімділігін көбейту үшін тұқым сапасын арттыру керек. Жылына орта есеппен 120-130 мың тұқым қажет болды. Өткен жылы тұқымның 20 пайызы үшінші репродукция болды. Өзгесі - 1,2 және элиталы сорттан. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Сонымен қатар, Үкіметтің қолдауымен тыңайтқыш екі есе көп алынды. Өткен жылы 656 гектар жерге егіс егілді. Мақсатымыз - егіс көлемін жылына кем дегенде 15 пайызға көбейту. Өткен жылы гектарынан 13,2 центнер өнім алынды»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Ақтөбеде мал шаруашылығы да жақсы дамып келеді. Қазір кезде 426 мың ірі қара, 1,1 миллион бас қой, 117 мың бас жылқы бар. Өсім орта есеппен 4-7 пайыз аралығында сақталған. Сонымен қатар, Ақтөбе суармалы жер көлемін арттырады. Қазіргі кезде Су комитеті Еуропалық қайта құру және даму банкімен, Азия даму банкімен жұмыс жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта 12 миллиард теңге несие алынып, суармалы жер көлемі 20 мың гектарға артады. Су қоймалары толық қуаттылықта жұмыс істеген уақытта Ақтөбеде 70 мың гектар жер суармалы болады. Ақтөбе облысының әкімі өңір көрсеткіштерін тізбектеп, министр Өмірзақ Шөкеевке бірнеше ұсыныс айтты.
«Қазіргі заман талабына сай фермерлерге қызмет ету орталығын құру керек. Сату, сатып алу кезінде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, делдалдарсыз жұмыс істеу қажет. Шаруалар мен фермерлерге бір жерден қызмет көрсетілсе, ауыл шаруашылығында даму болады. Сонымен қатар, мал басын көбейтіп, экспортты арттыру үшін аналық мал басын арттыру қажет. Суармалы жерді игеру кезінде де Үкіметтен қолдау күтеміз. Әрі Елбасы тапсырмасына орай «Қазіргі заманның ауылы» жобасын ұсынамыз. Ауыл өз-өзін толығымен қамтамасыз етіп, адамның бәріне жұмыс тауып береді. Ауыл Ақтөбе қаласын тамақпен қамтамасыз етуі шарт»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.