Бердібек Сапарбаев: Шыдамым таусылғанда, кеш болады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ауылдағы мектептер жартылай бос тұр. Сол жерді мектепке дейінгі ұйым етіп ашып, балабақша мәселесін шешуге болады. Жұмысты бірыңғайлауға тапсырма берілгенімен, еш нәтиже жоқ.

 Бір күні шыдамым таусылады, сол кезде кеш болады. Бұл туралы өңір басшысы Бердібек Сапарбаев облыстық құрылыс және сәулет басқармасының жиынында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде білім беру саласына бағытталған құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жоспар бойынша биыл 8500 балаға арналған 20 мектептің құрылысы басталуы тиіс. Биыл 14 құрылыс жұмысы аяқталып, алтауы 2018 жылы пайдалануға беріледі. Ақтөбе облыстық құрылыс және сәулет басқармасының есеп беру жиынында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев жартылай бос тұрған мектептерді тиімді пайдалану тапсырмасының орындалмағанын айтты. Бұл сынды облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова үнсіз тыңдады.

«Облыстық білім басқармасына мектептерді қарап, балалар санын есептеп, ауылдың жағдайын біліп, нақты жоспар құру  тапсырылды. Бірақ тапсырма әлі күнге дейін орындалған жоқ. Әр ауданда қанша мектеп бар, ауылда бос тұрған мектепті қайта жаңартып, оны балабақшаға беру мәселесі де тиімді шешілмеді. Мәселен, биыл 23 мектеп берілсе, сол 23 нысан босап қалады. Сол нысанды тез арада жөндеп, балабақшаға беруге болады. Айтамыз, орындалмайды. Шыдамым таусылғанда, кеш болады»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 3-6 жас аралығындағы балаларды бақшамен қамту 92 пайызды құрап отыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл көрсеткішті биыл 97 пайызға жеткізіп, аудандарды 100 пайызға жеткізу жолын реттеуді тапсырды.