Берік Сұлтан: Қазақстанда кәсіпқой бокс жоғары деңгейде дамыған
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының PR-менеджері Берік Сұлтан Kazinform тілшісіне қазақстандағы кәсіпқой бокстың деңгейі туралы өз ойымен бөлісті.
Берік Сұлтанның айтуынша, Қазақстаннан осыған дейін кәсіпқой бокста бірнеше әлем чемпионы шыққан.
– Менің ойымша, біздің елімізде кәсіпқой бокс жоғары деңгейде дамыған. Егер олай болмағанда чемпиондар шықпайтын еді. Жәнібек еліміздегі тұңғыш және соңғы әлем чемпионы емес. Осыған дейін ағаларымыз болды, кейінгі інілеріміз де чемпион болады. Қазақты батыр халық дейміз ғой. Осы боксшыларымыз батырлығымызды чемпиондықпен дәлелдеп жатыр, - дейді ол.
Сондай-ақ, Берік Сұлтан қазақстандағы промоутерлік компанияларға байланысты сұраққа жауап беріп, елімізде өткізілетін кәсіпқой бокс кештері туралы тоқталды.
– Менің ойымша, промоутерлік компаниялардың жабылып қалуы қаржылық мәселеге байланысты болуы мүмкін. Себебі, кәсіпқой бокс кешін ұйымдастыру, оны әлемдік деңгейге шығару, шетелден қарсыластар әкелу, олармен келісу және көңілін табу сияқты көп жұмыс бар. Негізі, ринг сыртында көп адам біле бермейтін үлкен шаруалар бар. Әдетте чемпиондарды былай қойғанда әдеттегі қарсыластармен жекпе-жекке шығуға келісу оңай шаруа емес. Сондықтан, промоутерлік компаниялар осы кезде қаржылық қиындықтарға тап болуы ықтимал, - дейді ол.
Берік Сұлтанның пікірінше, кәсіпқой боксшылар жекпе-жек үшін лайықты қаражат талап етуі орынды.
– Шетелден келетін немесе қазақстандық боксшылар болсын, маңдай тер төгіп еңбек еткеннен кейін мейілінше жақсы ақша алғысы келеді. Себебі, олар шаршы алаңға шығып жұдырықтасады, одан кейінгі жарақаттың еміне және күтімге ақша керек. Жарақатыңа жанкүйерлер де, промоутерлік компания да көмектеспейді. Кей жағдайда боксшылар өздері қалтасынан ақша шығарып емделеді. Сондықтан, боксшылар жекпе-жек алдында дұрыс қаражат талап етуі орынды, - дейді Жәнібектің PR-менеджері.
Айта кетейік, Бүгін Астанадағы «Барыс Аренада» Жәнібек Әлімханұлының 5 сәуірге жоспарланған кезекті жекпе-жегіне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Жәнібек Әлімханұлының кезекті жекпе-жегі Қазақстанда ұйымдастырылатынын айтқан болатын.
Жәнібек Әлімханұлының 5 сәуір Астана қаласында жұдырықтасатын қарсыласы француздық боксшы — Анауэль Нгамиссенгу. Ол осыған дейін 14 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 9-ын мерзімінен бұрын жеңген.