Берлин турниріндегі сенсация: Елена Рыбакина ширек финалдан тыс қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Берлин (Германия) WTA 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады.

Фото: ҚТФ

Кеше 27 жасқа толған қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 35-ракеткасы, филиппиндік Александра Эаламен ойнады.

Бұған дейін қарсыластар бір ай бұрын Рим (Италия) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымында кездесіп, онда Рыбакина 6:4, 6:3 есебімен жеңген еді.

Бұл жолы Елена бастапқыда 4:1 есебімен алға кеткенімен, 21 жастағы филиппиндік теннисші таразы басын теңестіре білді — 4:4. Сосын сетті өз есебіне жазды — 7:5.

Екінші партияны Эала сәтті бастады — 3:1. Ақыры матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ — 6:4.

Бір сағат 31 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 13 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Эала 4 эйс, 3 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.

А.Эала жартылай финалға шығу үшін әлемнің 8-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен таласады. Ол екінші айналымда рейтингіде 80-орындағы германиялық Ева Листі жолдан тайдырды — 6:3, 6:2.

Өткен жылы Е.Рыбакина Берлинде ширек финалға дейін жетіп, әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкоға есе жіберген еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Болгариядағы жарыстың ширек финалына өткенін жазған едік.

Сондай-ақ Григорий Ломакин Қытайдағы жарыстың жартылай финалында ойнайды.