Берлинде ҚР Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдау өтті

АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - Берлиндегі «Axica» конгресс-холлында Қазақстанның Германиядағы Елшілігі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдау және мерекелік концерт ұйымдастырды.

Қазақстандықтарды ұлттық мейраммен құттықтауға 1000-нан аса қонақ, оның ішінде: ГФР-дың көрнекті қоғамдық және саяси қайраткерлері, Бундестаг, ландтаг депутаттары, министрліктер мен ведомстволардың басшылары, мәдениет қайраткерлері, дипломатиялық корпус, БАҚ, қазақ диаспорасы, студенттік жастар, сонымен қатар Германияның іскер топтары өкілдері келді. ГФР Сыртқы істер министрі Г.Вестервелленің аталған іс-шараға қатысуы айрықша оқиға болды. Бұл ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және Германияның Қазақстанға ерекше ықыласын көрсетеді.

ҚР ГФР-дағы Елшісі Нұрлан Онжанов өз сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елімізде атқарылып жатқан негізгі жетістіктер мен табыстарға тоқталды. Қазақстандық дипломат Германия өкілдеріне 2012 жылдың ақпанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мен Федералдық канцлер Ангела Меркель арасындағы келіссөздер барысында қол жеткізілген келісімдерді орындау бағытындағы жемісті және өзара тиімді ынтымақтастық, халықаралық ұйымдар аясындағы біздің елдердің табысты өзара іс-қимылы үшін алғыс білдірді.

Мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық дамуға оң баға берілді. 2013 жылдың 3-ші тоқсанында өзара сауда айналымының көлемі 14,7 пайызға өсіп, 4,7 млрд. еуродан асты.

Кеш барысында германдық әріптестер Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін атап өтіп, Қазақстан халқына алдағы уақытта тұрақтылық және өркендеу тіледі. Жиналған қонақтар біздің еліміздің халықаралық аренадағы беделінің, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқынды артып келе жатқанын, сонымен қатар «G-Global» және «АТОМ» секілді Қазақстан ұсынған ірі сыртқы саяси бастамалардың өзектілігін атап өтті.

Мерекелік кеш Еділ Құсайыновтың жетекшілігімен фольклорлық ансамбльдің орындауындағы қазақ халық аспаптарының концертімен жалғасты. Неміс көрермендері шаңқобыз, сыбызғы, саз-сырнай, қауырсын-сырнай, жетіген, домбыра және тағы басқа ұлттық аспаптардың орындауындағы академиялық, осы заманғы және халық музыкаларының үндескен әуенін тыңдады.