Берлиннен жеткен хат: Қымыз жиіркенішті тағамдардың қатарында қайдан жүр

АСТАНА. KAZINFORM – Берлиндегі жиіркенішті тағамдар мұражайында жаңа туған тышқаннан жасалатын өнімнен бастап, жылан етінен дайындалатын деликатеске дейінгі «ерекше» экспонаттар қойылған. Сол қатарда қымыздың қатар ұсынылуы көпшіліктің таңданысын тудырған еді. Осыған байланысты Kazinform тілшісі музей өкілдерімен тілдесіп, жағдайдың мән-жайына үңілді.

Коллаж: Kazinform/ nano banana

Музейдің мақсаты қандай?

«Disgusting Food Museum» мұражайын алғаш рет 2018 жылы Швецияның Мальмё қаласында Андреас Аренс пен доктор Самуэль Уэст бірлесіп құрған. Ал Берлиндегі көрме 2021 жылы осы жобаның лицензиялық нұсқасы ретінде ашылғанын білдік. Бүгінде экспозицияда әлемнің әртүрлі елінен жиналған шамамен 100 тағам ұсынылған.

Музей өкілдерінің айтуынша, экспонаттарды іріктеу барысында ешбір елді немесе мәдениетті кемсіту мақсаты көзделмейді. Негізгі идея – «жиіркеніш» ұғымының субъективті екенін көрсету. Осы қағида тұрғысынан қымыз экспозицияға енгізілген.

– Бұл – дәстүрлі сусын. Алайда Батыс және Солтүстік Еуропа аудиториясы үшін ол әлі де бейтаныс өнім ретінде қабылданады. Экспозиция тек өзге елдердің тағамдарын емес, сонымен қатар швед және солтүстік еуропалық өнімдерді де қамтиды. Мәселен, сюрстрёмминг, тұзды лакрица, хаукарль сияқты тағамдар жергілікті халық үшін үйреншікті болғанымен, шетелдік қонақтар арасында әртүрлі реакция тудырады, – делінген музейдің Kazinform сауалына берген жауабында.

Видеодан алынған кадр

Қымыз Мальмё мен Берлиндегі экспозицияда да ұсынылғанымен, дегустация бағдарламасы тұрақты емес. Қазіргі уақытта Мальмёде жеткізілім мәселесіне байланысты қымыз берілмейді. Ал Берлинде ол кем дегенде бір рет дегустацияға ұсынылып, келушілердің қызығушылығын тудырған.

Сондай-ақ музей Орталық Азия өнімдерін кеңірек таныстыруға дайын екенін жеткізгенімен, олар міндетті түрде көрме тұжырымдамасына сай келіп, мәдени тұрғыдан дұрыс ұсынылуы тиістігін атап өтті.

– Берлиндегі музей франшиза аясында жұмыс істейді, ал экспозиция мазмұнына қатысты түпкілікті шешімді жобаның негізін қалаушылар қабылдайды. Басты мақсат – тосын көрінетін тағамдар арқылы аудиторияның таным көкжиегін кеңейту, – делінген ақпаратта.