Бейәдеп сөз айтқан: Астанада Instagram-дағы бейнежазбасы үшін ер адам қамауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында құқыққа қайшы бейнежазба анықталды. Instagram әлеуметтік желісінде ер адам қоғамдық орында бейнежазба түсіру кезінде балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны белгілі болды. Бұл туралы Polisia.kz сайты жазды.

Фото: polisia.kz

— Кейін ол аталған бейнежазбаны өзінің Instagram парақшасында жариялап, құқыққа қайшы әрекетін көпшілікке қолжетімді еткен. Полиция қызметкерлері оның жеке басын жедел анықтады, — делінген хабарламада.

Құқық бұзушы 26 жастағы Балташ Шыңғысхан болып шықты. Ол 5 тәулікке қамауға алынды. Полиция әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Тәртіп сақшылары азаматтарды қоғамдық тәртіпті және әлеуметтік желілерде әдеп нормаларын қатаң сақтауға шақырады.

Айта кетейік, бұған дейін TikTok пен Instagram-да бейәдеп сөз айтқан Алматы облысының тұрғыны қамауға алынған еді.