«Өкінішке қарай, бүгін Астанадағы «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің ашылу салтанатына қатыса алмадым. Бірақ мен алыста отырсам да, осы рәсімге қатысудамын. Қысқаша екі нәрсені атап өткім келеді. «Бейбітшілік қабырғасының» ашылуы халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күнімен байланысты болғандықтан, біз бұл күннің неге маңызды екенін түсінуіміз керек. Ол ядролық сынақтарды толық тоқтатуға шақырады», - дейді ол.
Мирослав Лайчак ядролық қарулардың сынағын өткізу адамдар мен біздің планетамыз үшін апатты жағдайларға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
«Міне, сондықтан мораторийдің ерікті негізде қалай қалыптасатынын көреміз. Бірақ, бұл жеткілікті емес. Өйткені ядролық сынақтар әлі күнге дейін біздің өмірімізде болып жатыр. Бұны тоқтату керек. Толық тыйым салуға шақыруды қайталауымыз қажет. Қазіргі таңда көптеген адамдар үшін - ядролық сынақтар алыстағы қауіп емес. Қазақ халқы ядролық сынақтар әкелген қасіреттен зардап шекті. Алайда Қазақстан ол қаруларға қарсы тұра отырып, ядролық сынақтарды өткенге қалдыру үшін бұрынғыдан да шабыттандыратын жұмысты жалғастырды. 1991 жылы Семей полигонын жабу туралы шешім қабылданнан ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимылдарға дейін Қазақстан ауқымды істерді атқарып келеді. Ядролық қаруға қарсы халықаралық күннің дәл осылай ауқымды деңгейде өткізіліп жатқанына қуаныштымын», - деді Мирослав Лайчак.
Еске сала кетсек, Ақтөбе облысы Астананың 20 жылдығына «Бейбітшілік қабырғасы» монументін сыйға тартты. Монументтің бүгін өткен ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.