АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 191-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Сан-Луис-Потоси (Мексика) челленджер турнирінің іріктеу сайысынан сәтті өтті.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында рейтингіде 476-орында тұрған германиялық Эльмар Эюповичпен аса тартысты матчты өткізді.
Германиялық спортшы бірінші партияда басымдылық көрсетті – 6:3.
Бұдан кейін Бейбіт камбэк жасай білді – 7:6 (7:5), 6:3. Екінші сеттің өзі 1 сағат 36 минутқа созылды, бұл бір ойын уақытындай деген сөз.
Үш сағат 24 минутқа созылған бәсеке барысында Жұқаев 11 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Эюпович 5 эйс, 1 брейктен (4 брейк-пойнт) аса алмады.
Осылайша, негізгі додаға қосылған Бейбіт Жұқаевқа алғашқы айналымда азулы қарсылас тап болды. Ол әлемнің 109-ыншы, жарыстың 2-ракеткасы, аустралиялық Джеймс Даквортпен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Майами турнирінде Юлия Путинцеваның ширек финалға жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина қолайсыз қарсыласын жеңіп, Майами турнирінің ширек финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).