Бейбіт Жұқаев Мексикадағы жарыста тартысты матчта жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 353-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Сан-Луис Потоси (Мексика) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.

Фото: ҚТФ

Ақтау теннис мектебінің түлегі алғашқы айналымда әлемнің 491-ракеткасы, франциялық Робин Катриге тап келді. 

Бірінші партияда қарсыластар брейкпен алмасқаннан кейін тай-брейкте Жұқаев әбжілдік танытты – 7:6 (9:7).

Екінші сетте Катри айқын басымдылық көрсетті – 6:1. 

Шешуші, үшінші партияда Бейбіт жеңісті жұлып алды – 6:4.

Екі сағат 20 минутқа созылған тартысты бәсекеде Жұқаев 6 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Катри 11 эйс, 6 брейкпен (9 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Бейбіт Жұқаев ширек финалға шығу үшін әлемнің 387-ракеткасы, канадалық Дэн Мартинмен таласады. 

Соңғы кезде сәтсіздікке ұшырап жүрген қазақстандық теннисші кеше жаңартылған ATP рейтингісінде 302-ден 353-ке құлдыраған болатын. Сондықтан рейтингілік ұпай жинау үшін барынша табысты өнер көрсету маңызды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Чарльстон турнирінде екінші айналымда әлемнің 5-ракеткасымен ойнайтынын жазған едік.