АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 340-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Мехико (Мексика) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 1 309-орында тұрған, жарысқа іріктеу сайыстарынан кейін қосылған мексикалық Алехандро Хайенмен өткізді.
Бейбіт 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағат 8 минутқа созылған матчта Жұқаев 9 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Хайен 1 эйс, 1 брейктен (4 брейк-пойнт) аса алмады.
Бейбіт Жұқаев ширек финалға шығу үшін рейтингіде 496-сатыдағы франциялық Корентен Деноллимен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 16 жастағы қазақстандық теннисшінің Алжирдегі жарыста чемпион атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Монте-Карло мастерс турнирінде Бублик алғашқы қарсыласын ұтты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).