АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 189-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Акапулько (Мексика) челленджер турнирінің 1/8 финалына өтті.
Жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 343-орында тұрған швейцариялық Антуан Бельемен бетпе-бет келді.
Бейбіт бірінші партияда 7:5 есебімен басым түссе, екінші сетте де есесін жіберген жоқ – 6:4.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында ол 9 эйс жасап, 2 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ. А.Белье 2 эйспен ғана шектелді.
Бейбіт Жұқаева ширек финалға шығу үшін рейтингіде 252-сатыдағы аустралиялық Тристан Скулкейтпен шеберлік таластырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Бухарест турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).