Норвегия Нобель комитетінің төрағасы Йорген Ватне Фрюднестің айтуынша, Пиллэй бейбітшілікті нығайту мен халықаралық құқықты дамытуға сіңірген еңбегі үшін марапатталды.
Биыл Нобель бейбітшілік сыйлығына 287 адам үміткер болды. Олардың есімдері құпия сақталды. БАҚ мәліметінше, үміткерлер қатарында АҚШ президенті Дональд Трамп та болған. Бұл ретте ол ақпан айының соңында Иранға қарсы соғыс бастаған еді. Трамп Нобель бейбітшілік сыйлығын алуға ниетті екенін бірнеше рет ашық айтқан. Ал 2025 жылы комитеттің шешімін әділетсіз деп сынаған болатын. Кейін Нобель бейбітшілік сыйлығына ие болған Венесуэла оппозициясының жетекшісі Мария Корина Мачадо өзіне табысталған медальді Трампқа сыйға тартты.
Соңғы бес жылда Нобель бейбітшілік сыйлығын иеленген тұлғалар
2025 жылы Нобель бейбітшілік сыйлығы Венесуэла оппозициясының өкілі Мария Корина Мачадоға табысталды. Ол Венесуэла халқының демократиялық құқықтарын қорғау жолындағы табанды еңбегі үшін марапатталды. Нобель комитеті Мачадоның елде диктатурадан демократияға бейбіт әрі әділ жолмен өту жолындағы күресін жоғары бағалады.
2024 жылы Нобель бейбітшілік сыйлығы Хиросима мен Нагасакидегі атом бомбалауынан зардап шеккендерді біріктіретін және ядролық қарусыздану жолында күресіп жүрген жапониялық Nihon Hidankyo ұйымына берілді.
2023 жылы Нобель бейбітшілік сыйлығына ирандық құқық қорғаушы Наргес Мохаммади ие болды. Ол Ирандағы әйелдерге жасалған қысымға қарсы күресі, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қосқан үлесі үшін марапатталды.
Нобель сыйлығы 1901 жылдан бері табысталып келеді
Динамитті ойлап тапқан Альфред Нобельдің өсиеті бойынша бес бағытта — физика, химия, физиология немесе медицина, әдебиет және бейбітшілік салаларында Нобель сыйлығы тағайындалды. Бұл марапаттар 1901 жылдан бері табысталып келеді.
Ал 1969 жылдан бастап Швеция банкінің бастамасымен Альфред Нобельді еске алуға арналған экономика ғылымдары бойынша сыйлық беріледі. Оны бейресми түрде экономика саласындағы Нобель сыйлығы деп те атайды.
Нобель бейбітшілік сыйлығы Норвегия астанасы Ослода, ал қалған сыйлықтар Швеция астанасы Стокгольмде табысталады.
Нобель бейбітшілік сыйлығы
Нобельдің өсиетіне сәйкес, бейбітшілік сыйлығы «халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, қарулы күштердің санын қысқартуға, сондай-ақ бейбітшілік конгрестерін ұйымдастырып, олардың жұмысына жұртшылықтың назарын аударуға өзгелерден көбірек үлес қосқан адамға» беріледі.
Нобель бейбітшілік сыйлығы алғаш рет 1901 жылы берілді. Алғашқы марапат Швейцарияның кәсіпкері әрі қоғам қайраткері, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің негізін қалаушы Анри Дюнанға және Францияның саяси қайраткері, «Бейбітшілік пен бостандық лигасын» құрған Фредерик Пассиға табысталды.
Бұған дейін Канадалық ақын Энн Карсон әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын алғанын хабарлаған болатынбыз.