«Бейнеу – Сексеуіл» жолының экономикалық қана емес, әлеуметтік маңызы да орасан – Қарин

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бірнеше стратегиялық маңызы бар жол құрылысы жобасының басталуын тарихи оқиға деп бағалады.

Фото: Ақорда

— Бүгін үлкен тарихи оқиғаға куә болдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың рұқсатымен бірнеше стратегиялық маңызы бар жобаның құрылысы басталды. Осылайша, Қызылордадан Сексеуілге дейінгі, Сексеуілден Ұлғайсынға дейінгі жолдар кеңейтіледі. Ал Сексеуілден Бейнеуге дейін мүлде жаңа жол салынады.

«Бейнеу — Сексеуіл» жолының қажет екені жөнінде Президент 2021 жылы Ақтауда өткен жиында айтқан болатын. Содан бері тиісті есептеулер, зерттеулер, қаржы көздерін нақтылау секілді маңызды мәселелер пысықталды. Міне, бүгін құрылысы басталды.
Оның бірнеше ерекшелігі мен маңыздылығы бар, — деді Ерлан Қарин.

Ерлан Қарин Мемлекет басшысы еліміздің транспорттық жүйесін түбегейлі өзгертіп жатқанын айтты.

— Біріншіден, жоғарыда айтқанымдай, бұл — мүлде жаңа жол. Осыған дейінгі жобалар негізінен бұрын салынған жолдарды жаңартумен, кеңейтумен шектелетін. Ал «Бейнеу — Сексеуіл» — мүлдем жол түспеген бағыт. Сөйтіп, Қазақстан картасында жаңа жол пайда болады. Бұл жоба біздің құрылысшылар мен жол мамандары үшін де үлкен тәжірибе әрі маңызды сынақ болмақ.

Екіншіден, Қазақстандағы негізгі жолдардың бәрі кезінде оңтүстіктен солтүстікке қарай салынған. Темір жолдардың да, автомобиль жолдарының да негізгі бағыты солай құрылған. Ал Мемлекет басшысы еліміздің транспорттық жүйесін түбегейлі өзгертіп жатыр. Өңірлерді көлденеңнен байланыстыруға назар аударып отыр.

Үшіншіден, бұл — түбекте орналасқан Маңғыстау өңірі үшін ерекше маңызы бар жоба. Осыған дейін Ақтауға жету үшін Ақтөбе, Орал, Атырау өңірлерін басып өту керек еді. Бұл қай жағынан болсын, айтарлықтай қиындық тудыратын.

Ал төте жол салынғаннан кейін оңтүстік және орталық өңірлердің шалғайдағы Маңғыстаумен байланысы айтарлықтай жеңілдейді. Тауар, азық-түлік жеткізу мәселесі реттеледі. Адамдардың бір өңірден екіншісіне қатынауы жақсарады. «Бейнеу — Сексеуіл» жолының экономикалық қана емес, әлеуметтік маңызы да орасан, — деді ол.

Бұл бастама елдің әлеуетін еселеп арттыратын және игілігін миллиондаған адам көретін жоба болмақ

— Мемлекет басшысы салынатын жаңа жолдың облысаралық емес, аймақтық және құрлықтық маңызын ескере отырып, оны «Арал-Каспий магистралі» деп атауды ұсынды.

Президенттің тарихи маңызы зор бастамасы елдің әлеуетін еселеп арттыратын және игілігін миллиондаған адам көретін жоба болмақ. Қазақстанның прайм эрасы басталғанын осындай өлшемдер де дәлелдейді.

Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналып келеді, — деп жазды Ерлан Қарин. 

Айта кетелік Қасым-Жомарт Тоқаев үш стратегиялық маңызды автомобиль жолының құрылысын бастап берген еді.