Бейтараптық әлсіздік емес: Қайрат Сарыбай Қазақстан дипломатиясының ерекшелігі туралы

АСТАНА. KAZINFORM – Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (Азия кеңесі) Бас хатшысы Қайрат Сарыбай әлемдік саясат пен Қазақстан дипломатиясының рөлі туралы әңгімеледі.

Фото: видеодан алынған скрин

Оның айтуынша, халықаралық қатынастар теориясында бейтараптық қандай да бір әскери немесе саяси блоктарға қосылмауды білдіреді және оның мысалдары да аз емес. Ұзақ уақыт бойы Швеция мен Финляндия бейтарап саясат ұстанды, кейін бұл мәртебесін жоғалтты. Орталық Азияда Түрікменстан, Еуропада – Аустрия мен Швейцария бейтараптық саясат жүргізіп келеді. Алайда әр елдің бұл мәртебеге келу жолы әртүрлі.

– Аустрияның бейтараптығы – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін сыртқы күштердің әсерінен болған мәжбүрлі шешім. Түрікменстанның бейтараптығы өздерінің ішкі шешімінен туындады. Ал Қазақстан өзін бейтарап мемлекет ретінде сипаттамайды. Біз белсенді әрі бейбітсүйгіш мемлекетпіз. Осы қасиеттеріміздің арқасында еліміз халықаралық диалог алаңы ретінде танылды. Тәжікстандағы ішкі саяси дағдарыс кезінде тараптарды келіссөз үстеліне отырғызу Қазақстанның қолынан келді. Себебі екі жақ та Қазақстан басшылығына сенім артты, – деді АӨСШК Бас хатшысы.

Спикер Иранның ядролық бағдарламасына қатысты халықаралық Алматы-1, Алматы-2 келіссөздерінің Алматыда өтуі де Қазақстанға деген сенімнің нәтижесі екенін атап өтті.

– Себебі ядролық қарусыздану мәселесінде Қазақстанға сенім мол, еліміз ешқандай қосқатпарлы саясат жүргізбейтінін бәрі біледі. Оған қоса Қазақстанның өзі ядролық қаруынан бас тартқан еді. Осының нәтижесінде елімізге халықаралық қауіпсіздік кепілдігі берілді. Бұл өз кезегінде шетелдік инвесторлардың сенімін күшейтіп, ел экономикасына инвестиция тартуға ықпал етті. Яғни дипломатия экономикалық мүдделерімізді қорғауға да қызмет етіп келеді, – деді Қайрат Сарыбай.

Бас хатшының айтуынша, халықаралық құқық пен ортақ ережелер болмаса, халықаралық қатынастар жүйесі тұрақсыздық пен хаосқа ұшырар еді. Сондықтан халықаралық құқық қағидаттарын ұстану және бейтарап болу – әдетте орта державаларға тән.

– Қазақстан бүгінде орта держава ретінде әлемге әйгілі, сенімді. Сондықтан да талай халықаралық қиын мәселелер Қазақстан жерінде шешіледі. Өйткені еліміздің абыройы бар, атқарған қызметтері бар, біздің елімізге толық сенім бар. Меніңше бұл еліміздің әлсіздігін емес, керісінше халықаралық аренадағы мықты ұстанымы мен салмақты орнын көрсетіп отыр, – деп түйіндеді Қ. Сарыбай.

Бұған дейін Kazinform Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары туралы шолу ұсынған еді.