Шараны ҚХР-дағы ҚР Елшілігі ұйымдастырды. Оған Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) бас хатшысы Дмитрий Мезенцев, Қытайдағы елшілер - Андрей Денисов (Ресей), Канайым Бактығұлова (Қырғызстан), Чинар Рустамова (Түркменстан), Латиф Гандилов (Әзербайжан), тәжік, беларусь, украин дипломаттары, Қытайдың шет елдермен халықтық достық қоғамы өкілдері, ҚХР мемлекеттік ұлттар ісі комитеті қызметкерлері, қытайлық ғалымдар тобы өкілдері, БАҚ және Бейжің ЖОО-ларында оқитын қазақстандық жастар қатысты.
Бүгінгі таңда этномәдени бірлестіктер Қазақстанда азаматтық қоғамның қуатты институтына айналды, олар дәстүрімізді, мәдениетімізді, тілімізді сақтап қана қоймай, мемлекетаралық қатынастың «тірі көпіріне» айналды. Президентіміз этномәдени бірлестіктердің әлеуетін пайдалана отырып, инвестиция және инновациялық технологияны тартуды тапсырды. Мысалы, қазіргі таңда Қазақстанда 100 мыңдай корейлік бар, олар бүгінгі таңда озық технологиялар мен инвестиция тартуда ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Бұрын ҚР азаматы болған 800 мың неміс қазір Германияда тұрып жатыр, олар мықты жерлестер қоғамын құрған. Бұрынғы отандастарымыздың бірі Бундестагтың депутаты болды. Қазақстанды сағынатынын айтады», - деді дөңгелек үстелге қатысушыларға арналған сөзінде Е.Тоғжанов.
Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметіне, оның ҚР халқының рухани келісімі және татулығындағы рөліне тереңірек тоқталып өтті.
«Біз 2008 жылы БҰҰ-ға Қазақстан халқы Ассамблеясы моделін таныстырдық. Ресми таныстырылым 56 еуропалық елдің қатысуымен ЕҚЫҰ-да өткізілді. Англиялық бизнесмендер Лондонда Қазақстандық татулық және келісім орталығын құру бастамасын көтерді, біз оларды қолдадық. Соңғы бір жарым жылда мен татулық пен келісім саласында тәжірибе алмасуға қызығушылық білдірген 22 елдің өкілдерін қабылдадым», - деді Е.Тоғжанов.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қазақстандық үлгінің мінсіздігі туралы шетелдік журналистер жиі қоятын сұраққа өзінің Қазақстанның әрбір азаматы этникалық, діни, тағы басқа да өзгешеліктеріне қарамастан өзінің түп-тамырымен - тілі, салт-дәстүрі, мәдениетімен терең байланыста болуы керек деп жауап беретінін айтты.
Еске сала кетейік, қазақстандық делегация құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары Зухра Саяпова, Надежда Настерова, «Дұңған этномәдени орталықтар қауымдастығы» АА басқармасының мүшесі Шәкір Хахазов, «Қазақстан республикалық ұйғыр мәдени орталығы» АА төрағасы Шаймардан Нұрұмов, ҚХА Алматы облысы бойынша хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, ҚР ПӘ ҚХА хатшылығының инспекторы Еділ Оспан, ҚР СІМ сыртқы саяси талдау және болжау департаментінің кеңесшісі Аида Ермекқалиева кірді.