Бейжіңде әлемдегі ең ірі халықаралық автокөрме ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚХР астанасында «Auto China 2026» халықаралық автомобиль көрмесінің ресми ашылуы өтті. Көрме 3 мамырға дейін жалғасады, деп жазды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.
Экспозиция Шуньи ауданындағы орталықта және астаналық көрме-конгресс орталығында қатар ұйымдастырылған. Жалпы аумағы 380 000 шаршы метрді құрайтын Бейжің автосалоны салалық көрмелер арасында әлемдегі ең ауқымдысы атанды.
Көрмеге 21 ел мен өңірден 1451 автокөлік қойылған. Биыл әлемдік премьералар саны 181-ге жетіп, 2024 жылғы 117 көрсеткіштен асып түсті. Әсіресе болашақ көлігінің дизайны мен функционалдық мүмкіндіктерін танытатын 71 концепт-кар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Жаңалықтар қатарында небәрі 5 минутта қуаттың 80%-ын толтыра алатын аса жылдам зарядтау жүйелері бар. Тіпті минус 30 градус температурада да зарядтау уақыты тек 3 минутқа ғана ұзартады. Сонымен қатар көрмеде инновациялық қозғалтқыштар, автономды жүргізу жүйелері және өзге де озық технологиялар ұсынылған.
Автосалон жаһандық автоөнеркәсіп үшін шешуші кезеңде өтуде. Қазіргі уақытта нарықтағы ірі ойыншылар технологиялық көшбасшылық пен инвесторлардың назарын аудару үшін белсенді бәсекеге түсіп жатыр. Ұйымдастырушылардың болжамынша, «Auto China 2026» көрмесіне 1 миллионнан астам адам келеді.
Бұған дейін Қытайда 2026 жылдың наурыз айында автокөлік өндірісі мен сатылымы ақпанмен салыстырғанда айтарлықтай өскенін жазған болатынбыз.