Ауданы 400 шаршы метрлік ғимаратта роботтар шамамен үш минутта кеспе дайындап, оны піскен бойда әкеліп береді. Машиналар қамыр илеп, оны кеседі және қайната алады, сонымен қоса түрлі тұздықтар қосып, дайын асты тура үстел басына әкеледі. Қызметкерлер болса, тек ингредиенттер қорын толықтырып, техниканың жұмысын қадағалайды және ыдыстарды жинайды.
Интеграцияланған жүйені Бейжіңдегі Beijing Yuli Technology Co компаниясы жасап шықты. Бұған дейінгі пилоттық жобаларда роботтар тек кейбір әрекеттерді ғана орындайтын, ал бұл жобада тамақ әзірлеу және ұсыну бастан-аяқ атқарылады.
— Бұрын мұндай технологиялар тек жекелеген әрекеттерді орындаған немесе таныстырылым үшін қолданылатын. Біздің міндетіміз — осы қызмет түрін күн сайын коммерциялық мақсатта пайдалану үшін барлық кезеңді бірыңғай жүйеге біріктіру, — дейді компания бас директорының орынбасары Ян Хайбин.
Компания аталған мейрамхана технологияның сынақ алаңы ретінде қызмет етіп жатқанын, бәрі сәтті өтсе, ол жаппай өндіріске жіберілетінін мәлімдеді.
Мейрамхана толығымен тамыз айының аяғында ашылады деп жоспарланып отыр.
Жоба Бейжіңнің робототехниканы масштабтау жөніндегі (2025–2027 жж.) үш жылдық жоспары аясында бастау алды. Осы бағдарлама бойынша жазда қалада тазалау және патрульдеуге арналған 72 робот іске қосылды, сонымен қатар ауруханалардың бірінде дәріхана жұмысы автоматтандырылды.
Бұған дейін гуманоидты роботтардың екінші Дүниежүзілік ойындары Бейжіңде өтетіні хабарланған болатын.
Райхан Рахметова