Бейжіңде тоғызқұмалақтан турнир өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығында тоғызқұмалақтан шеберлік сабағы мен турнир өтті. «Ұлттық мұра — ұрпаққа аманат» іс-шарасы Республика күніне орай ұйымдастырылды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Фото: Видеодан скрин

Іс-шараны Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы елшілігінің қолдауымен Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығы, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы және ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясы ұйымдастырды.

Жиынға дипломаттар, студенттер, білім мен өнер саласының өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Шеберлік сабағына келген 50-ге жуық адам ойынның тарихы мен ережелерімен танысып, қазақтың ұлттық зияткерлік ойынын ойнап көрді.

Турнирде 32 қатысушы бақ сынады. Олардың екеуі — Қазақстан азаматы. Бірінші орынды 13 жастағы қазақстандық иеленді. Екінші және үшінші орынды Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінің қытайлық студенттері алды. Жүлдегерлерге Тоғызқұмалақ спорт федерациясының президенті Әкім Тұрсын атынан арнайы сыйлықтар табысталды.

Іс-шара аясында Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығы мен ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатта тоғызқұмалақты Қытайда кеңінен насихаттау, мәдени, білім беру және спорттық іс-шараларды бірлесіп өткізу көзделген.

Бұған дейін Қызылорда облысының танымал өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығында «Сұлу Сырдан сазды сәлем» атты мерекелік концерт берді.