«Атамекен» әні Бейжіңдегі қазақтардың жүрегін елжіретті
АСТАНА. KAZINFORM — Қызылорда облысының танымал өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығында «Сұлу Сырдан сазды сәлем» атты мерекелік концерт берді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Қытайдағы меншікті тілшісі хабарлады.
Республика күніне орай ұйымдастырылған іс-шара Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен өтті. Концерт Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға және ұлттық өнерді халықаралық деңгейде дәріптеуге арналды.
Концертте өңірдің танымал өнер майталмандары өнер көрсетті. Сахнаға Қызылорда облыстық филармониясының фольклорлық ансамблі, «Томирис» би ұжымы, «Алтын домбыра» байқауының үш дүркін жеңімпазы, ақын-импровизатор Мұхтар Ниязов, «Құрмет» орденінің иегерлері Шолпан Бимбетова, Ақмарал Ногайбаева, Самал Бәйсейітова мен Индира Елубаева шықты.
Сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Руслан Ахметов пен Сымбат Тасбергенова, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері Рауза Ысқақова, Гүлфира Әлиханова мен Мақсат Мақұлбеков, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Мағжан Аманжолов, Бекзат Молдабергенов пен Арайлым Маханбетжанова өнер көрсетті.
Кеш барысында өнерпаздар көрермендерге қазақтың дәстүрлі күйлерін, халық әндерін және хореографиялық өнердің жарқын үлгілерін ұсынды. Олар Қазақстанның бай рухани мұрасы мен орындаушылық өнерінің жоғары деңгейін танытты.
Мазмұнды концерттік бағдарламаның қоюшы режиссері — мәдениет саласының үздігі Әзиза Іздіқұлова. Ол ұлттық дәстүрлер мен заманауи сахна мүмкіндіктерін біртұтас қойылымға біріктірді.
Қазақстандық өнерпаздардың өнерін көрермендер ду қол шапалақпен қарсы алды. Концерт соңында олар бағдарламаның жоғары деңгейіне тәнті болғанын жасырмады.
— Біз Шыңжаңнан баламызды емдету үшін Бейжіңге келдік. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығына да баруды ұйғардық. Қызылордалық өнерпаздардың концертіне тап болғанымызға өте қуаныштымыз. Олардың өнеріне тәнті болдық! Осындай мәдени алмасу кеңейіп, қазақстандық ұжымдар бізге жиі келсе екен дейміз. Концерт өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған, — деді ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Алтай қаласынан келген мұғалім Майра Бақасқызы.
Жергілікті қазақ диаспорасының өкілі Айшолпан да концерттен ерекше әсер алғанын айтты.
— Көңілім ерекше жылып қалды. Бейжіңде жүріп, ұлттық әндеріміз бен билерімізді тамашалау мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Әсіресе, концерттің соңында орындалған «Атамекен» әні жүрегімді ерекше тебірентті, — деді ол.
Мерекелік кешке шетелдіктер арасында қазақ тілін білу деңгейі бойынша өткен III халықаралық байқауға қатысқан Лю Сяолань да келді. Ол қазақ тілін 62 жасында өз бетінше үйрене бастаған.
— Бүгінгі концерт маған ерекше әсер қалдырды. Бұл ұлттық дәстүрлердің байлығын айқын танытқан, кәсіби деңгейі жоғары ұжымның нағыз салтанатты концерті болды. Күткенімнен де асып түсті. Маған бәрі ұнады: дәстүрлі киімдердің әсемдігі мен алуан түрлілігі, музыкалық аспаптар және, әрине, орындаушылық шеберлік. Әсіресе, вокалдық өнерді атап өткім келеді. Меніңше, бұл — сіздердің ең мықты қырларыңыздың бірі, оған әрдайым тәнтімін. Бүгін осының бәрін жанды дауыста тыңдап, ерекше ләззат алдым. Көп рақмет! — деді Лю Сяолань.
Концерт 2026 жыл Қазақстан мен Қытайдың Мәдениет жылы деп жариялануына орай ұйымдастырылған маңызды алғашқы іс-шаралардың бірі болды. Кешке Қытай астанасының тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ екі елдің мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.
Еске салайық, бұған дейін алыста жүрсе де, атамекенді ұмытпаған қазақтар Вашингтонда бас қосқанын жазғанбыз.