Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығы: ұлттық мұрамыздың жаңа көкжиегі
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың қыркүйегінде Бейжіңде Қазақстан Республикасының алғашқы мәдени орталығы ашылды. Бұл – шетелдегі тұңғыш әрі әзірге жалғыз қазақстандық мәдени орталық.
Орталық Бейжіңнің іскерлік ауданында, Лянмахэ өзенінің жағалауында орналасқан заманауи «21 ғасыр» бизнес-кешенінде, Қытайдың халықаралық жастар алмасу орталығының құрамында ашылды.
Аумағы 620 шаршы метр орталық қазақ мәдениетін, тілін, өнерін, тарихын және ұлттық тағамдарын Қытай аудиториясына таныстыруға арналған бірегей алаң болмақ.
Мәдени орталықтың ашылуы – екіжақты дипломатиялық келіссөздердің нәтижесі.
2022 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Астанаға мемлекеттік сапары кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге екі елде мәдени орталықтар ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
2023 жылдың қарашасында Астанада екі ел үкіметтері арасында өзара мәдени орталықтар құру туралы келісімге қол қойылды. Ал 2025 жылдың 22 мамырында ҚР Үкіметінің қаулысымен «Бейжің қаласындағы Қазақстан мәдени орталығы» құрылып, ол ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қарамағына берілді.
Орталықтың басты мақсаты – қазақ мәдениетін және Қазақстанның туристік әлеуетін Қытайда дәріптеу. Мұнда мәдени, гуманитарлық және білім беру іс-шаралары өтіп, екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға үлес қосады.
Орталық бірнеше функционалды аймаққа бөлінген:
- Экспозициялық аймақ: 100-ден астам тарихи жәдігер, соның ішінде Сақ дәуірінің көшірме жәдігерлері, Есік және Берел қорғандарынан табылған заттар, қазақ халқының тұрмыстық бұйымдары («сандық», «астау», «сырмақ»), дәстүрлі әйел әшекейлері, домбыра мен қобыз сияқты музыкалық аспаптар қойылған. Мультимедиялық экрандар арқылы Қазақстанның табиғи және мәдени көрікті жерлері туралы деректі фильмдер көрсетіледі.
- Қазақ тілі кабинеті: Балалар мен ересектерге арналған сабақтар мен тренингтер ұйымдастырылады, қазақ тілін үйренуге мүмкіндік береді.
- Музыка және шығармашылық кабинеттері: Қытайлық қонақтар дәстүрлі қазақ музыкасымен танысып, домбыра мен қобызда ойнауды үйренуге арналған шеберлік сабақтарына қатыса алады. Орталықта қазақстандық музыканттар мен әртістердің қатысуымен концерттер өткізіледі.
- Кітапхана және оқу залы: Қазақстандық авторлардың түрлі жанрдағы шығармалары, соның ішінде қытай тіліндегі аудармалары ұсынылады. Абайдың еңбектері басты экспонаттардың бірі болып саналады. Кітапханада дәрістер, әдеби кештер мен таныстырылымдар өтіп, қытайлық аудиторияның қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын арттырады.
- Көпфункционалды алаңдар: Көрмелер, ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер мен симпозиумдарға арналған. Бұл іс-шаралар екі елдің мәдени және білім беру байланыстарын нығайтады.
- «Сандық» мейрамханасы: Қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татуға және оларды дайындау бойынша шеберлік сабақтарына қатысуға болады.
Орталық алдағы жартыжылдықта Қытайдың халықаралық жастар алмасу орталығымен бірлесіп, екі елдің жас кәсіпкерлері, ғалымдары мен шығармашылық өкілдері арасында тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Бейжің тіл және мәдениет университетімен ынтымақтастық меморандумына қол қою арқылы студенттер арасында тұрақты тәжірибе алмасу бағдарламасы іске қосылмақ.
Қазақ киносы, театры, музыкасы мен өнеріне арналған фестивальдер орталықтың тұрақты іс-шараларына айналады. Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығы ұлттық мұрамызды әлемдік аренада таныстырудың жаңа көкжиегін ашып, халықаралық мәдени ынтымақтастықтың маңызды бөлшегі болмақ.
Айта кетейік, ҚР Ұлттық музейде «Оғыз далалық мәдениетінің іздері» атты халықаралық көрме өтті.