БҒМ республика мектептеріне оқулықтарды жеткізу жүйесіне өзгерістер енгізуді ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Білім және ғылым министрлігі мектептерге оқулықтарды жеткізуге қатысты өзгерістер енгізуді ұсынады. Мәжілісте «Оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету проблемалары мен шешімдері» тақырыбында өткен Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов осылай мәлім етті.

«Оқулық тапшылығы бойынша проблемалардың бірі оқулықтарды жеткізу жүйесіне қатысты болып табылады. Біз осыған қатысты арнайы комиссия құрып, ол бойынша оқулық тізімін бекіту мен оларды мектепке жеткізуге дейінгі тізбекті қарап, тексеріп шыққан болатынбыз. Оның барысында негізінен бірқатар проблемалар анықталды, соның ішінде оқулықтарды жеткізу жүйесі «ақауға» ұшырағаны, оған бірқатар өзгерістер енгізу қажеттігі белгілі болды», дейді А. Сәрінжіпов.

Оның айтуынша, оқулықтарды сатып алуды жоспарлауда да бірқатар олқылықтар орын алған. Соның ішінде жыл сайын қаржыландырудың жетіспеушілігі салдарынан оқулықты уақытылы сатып алудың дұрыс жоспарланбайтыны да анықталған.

«Республика бойынша оқулықтарға қажетті сұраныстың 3,6 пайызы қаржыландырылмай жатыр. Мәселен, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажет етілетін оқулықтарға 686 млн 916 мың теңге кем қаражат бөлінген», деді А. Сәрінжіпов.