Биыл 20 млн қойдан 7,7 млн қозы алдық — АШМ
АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жылдың 10 айында елдегі мал саны қалай өскенін айтты.
— 2025 жылдың 10 айындағы көрсеткіштерге келсек, ірі қараның саны 8,4 млн болды. Яғни, 1,7 пайыз өсім сақталған. Биыл ірі қарадан бірінші рет 2,8 млн төл алдық. 100 аналыққа шаққандағы төл саны артты деген сөз. Бұрын 60-65 пайыздың көлемінде болса, қазір жоғары, — деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, қой мен жылқыдан төл жақсы ерген.
— Қойға келсек, 20 млн қойдан биыл 7,7 млн қозы алдық. Ол да жақсы көрсеткіш. Ал 4,4 млн жылқыдан 1 млн төл алдық. Осылайша мал саны артып, ішкі нарықтың қажеттіліктерін жабу мүмкіндігі артып келеді, — деді Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары.
Бұған дейін Қазақстан экспорттай алатын сиыр етінің лимиті бекітілгенін жазған едік.
Сонымен қатар Қазақстанда сиыр тұқымын эмбрион деңгейінде асылдандыратын зертхана ашылуы мүмкін.