Биыл 9 энергоблок пен 55 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл электр станцияларын жөндеуге 384 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты.

Фото: Қазақмыс

- Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында электр станцияларында бекітілген кестеге сәйкес, биыл 9 энергоблокты, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. 4 энергоблокта, 18 қазандықта және 7 турбинада жөндеу жұмыстары түрлі кезеңдерде жүргізіліп келеді. 1 қазандық пен 1 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды, - деді вице-министр.

Оның дерегінше, электр станцияларында жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 384 млрд теңге деңгейінде жоспарланған. Бұл өткен жылғы деңгейден 9 пайызға жоғары.

- Электр желілерінде 1,2 мың шақырым электр беру желісі, 54 қосалқы станция жөнделді. Жылу желілері бойынша реконструкциялау және жөндеу жоспары 377 шақырымды құрайды. Жұмыстар гидравликалық және температуралық сынақтар аяқталғаннан кейін басталып жатыр. Жөндеу жұмыстары график бойынша жүргізіліп жатыр. Бүгінде артта қалушылық жоқ. Аталған іс-шаралардың қорытындысы бойынша электр станциялары бойынша негізгі жабдықтардың тозуы - 52, электр желілері бойынша – 65,7 және жылу желілері бойынша 48 пайызға төмендеуі күтілуде, - деді Сұңғат Есімханов.

Бұған дейін еліміздегі 5 жылу электр орталығы биыл «қызыл» аймақтан шығарылатынын жазған едік.