Еліміздегі 5 жылу электр орталығы қашан «қызыл» аймақтан шығады
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі 5 жылу электр орталығы биыл «қызыл» аймақтан шығарылады. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты.
— Қазіргі таңда бізде Жылу электр орталығының бесеуі «қызыл» аймақта қалып отыр. Бұл бойынша қандай жұмыс істелініп жатыр? — деп сұраған еді Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов вице-министрден.
Сауалға жауап берген вице-министр шынымен де 5 орталықтың «қызыл» аймақта тұрғанын растады.
— Бізде әр жылу орталығы бойынша тиісті жоспар бар. Әкімдіктермен осы жоспарды бекіттік. Қадағалау комитеті аталған орталықтардағы жөндеу жұмыстарының кесте бойынша жүргізілуін тексеруде. Бес орталықты қаржыландыру 40 пайызға артты. Қатаң бақылауда, — деді ол.
Осы орайда Премьер-министр орталықтардың қашан «қызыл» аймақтан шығатынын нақтылап сұрады.
— «Қызыл» аймақтан осы жылдың соңына дейін шығаруды жоспарлап отырмыз. Бірақ, қазір көрсеткішті 4 өлшемшартпен жүргізіп жатырмыз. Болашақта бұл көрсеткіштерді қайта қарап, 9-ға дейін көтеру арқылы жаңа рейтинг жасауды жоспарлап отырмыз, — деді Сұңғат Есімханов.
Айта кетейік, отырыста өткен жылыту маусымы қорытындыланып, алдағы маусымға дайындық барысы пысықталып жатыр.