Облыс әкімінің айтуынша, мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласында оң динамика сақталып отыр. Биылғы жылдың 10 айында өңірде жалпы құны 353 млрд теңгеге жуық өнім өндірілген. Оның ішінде мал шаруашылығы – 171,8 млрд теңге, өсімдік шаруашылығы – 177,6 млрд теңге.
- Мал басы былтырмен салыстырғанда 7%-ға артқан. Атап айтқанда ірі қара – 100,7%, қой – 105,3%, жылқы – 113,1%, түйе – 108,6%. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін енгізу аясында «АЙС» сүт-тауар фермасын кеңейтуге 7,5 млрд теңге көлемінде 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие берілді. Қазіргі таңда 800 бас ірі қара әкелініп, жобаның бірінші кезеңі іске қосылды. Жалпы 1 600 бас мал толық жеткізілгеннен кейін өңірдегі сүт өндірісі қосымша 20 мың тоннаға артады деп күтіліп отыр. Бұл Ақтөбе облысын өңделген сүтпен қамтамасыз ету деңгейін 62%-дан 90%-ға дейін көтеруге мүмкіндік береді, - деді ол.
Сонымен қатар Асхат Шахаров брифинг барысында өсімдік шаруашылығында «Кең дала-2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс пен күзгі орақ жұмыстарына 5,9 млрд теңге көлемінде 5 пайызбен жеңілдетілген несие берілгенін атап өтті. Соның нәтижесінде биыл 554 мың тонна өнім жиналды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 40 мың тоннаға артық (2024 жылғы өнім – 515 мың тонна).
- Ауыл шаруашылығына инвестиция тарту бойынша биыл 11,5 млрд теңге құрайтын 6 жоба іске асырылды. Сонымен қатар «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 16,4 млрд теңгеге 2 883 жоба қаржыландырылды, - деді Асхат Шахаров.
Бұған дейін еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері 15-тен аса елге экспортталады деп жазғанбыз.