Биыл бизнестің өрт қауіпсіздігін тексеруге тыйым салатын мораторий аяқталады

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың ІІ жартысында елордадағы бизнес объектілеріне өрт қауіпсіздігін қамту мақсатында тексеруге мораторий аяқталады. Бұл туралы Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мадияр Мырзагелдиев мәлім етті.

Фото: Pexels

«Жыл басынан бері қала аумағында 30-дан астам өрт шықты. Өрттің шығуына кінәлі адамдарға Қылмыс кодексінің 410-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік барын айта кеткім келеді. Елімізде 3 жыл бойы шағын және орта бизнес объектілерін тексеруге мораторий болды. Дегенмен өртке қарсы профилактикалық іс-шараларды тұрақты өткіземіз», - деді Мадияр Мырзагелдиев қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Одан бөлек, спикер қаладағы объекті иелеріне ұсыным хаттар жолданып жатқанын айтты. 

«2024 жылдың екінші жартысынан бастап шағын және орта бизнес объектілеріне кезектен тыс өртке қарсы тексеріс жүргізу мораторий бітеді. Олар тексеріске жатады», - дейді ол. 

Бұған дейін ТЖД өкілі Астанада өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуын бақылау мақсатында хостелдерде кезектен тыс тексеру жүріп жатқанын айтқан еді.