Биыл Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні кең көлемде аталып өтуде - Смадияров

ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Фото: Ақорда

- Қадірлі әріптестер!

Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Биыл Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні кең көлемде аталып өтуде. Осы саланың дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлеріміз, журналистер қауымы айрықша ардақталды. Олардың бірқатары жоғары мемлекеттік марапаттарға, беделді сыйлықтар мен гранттарға ие болды.

Журналистика саласында еңбек етіп жүрген бір топ қызметкерге кәсіби мереке аясында жылдағы дәстүрге сай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан пәтер берілді.

Президент БАҚ қызметкерлері күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында: «Сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады», – деген еді.

Осыған сай, биыл Мемлекет басшысы атынан «Dara» Президенттік бастамалар қоры арқылы БАҚ қызметкерлеріне 66 пәтер берілді. Оның ішінде Астана қаласында – 15, Алматы қаласында – 15, қалған 18 аймақта 2 пәтерден бөлініп отыр.

Баспана алғандар қатарында республикалық БАҚ өкілдері ғана емес, жергілікті газет, телеарна, ақпараттық порталдар тілшілері де бар. Тіпті орталықтан шалғай елді мекендер де назардан тыс қалған жоқ. Мысалы, бұл жолы Қостанай облысының Арқалық қаласында және Түркістан облысының Созақ ауданында тұратын әріптестеріміз үйлі болды.

Игі жоба журналистика саласындағы білікті мамандардың өңірде тұрақтауына септігін тигізері анық. Бұл өз кезегінде аймақтық БАҚ-тың заманға сай дамуына ықпал етеді.

Мерекелеріңіз құтты болсын! - деп жазды Айбек Смадияров желідегі арнасында.

Айта кетейік, журналистерге Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығы табысталды.