Биыл елімізде соңғы қоңырауды өткізу күні өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елімізде мектеп бітіретін түлектердің құрметіне арналған соңғы қоңырау салтанатты іс-шарасы өтетін күн өзгертілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлайды.
- 34 аптаға созылатын оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл елімізде 3,9 миллионнан астам оқушы қорытындылап, оның ішінде 217 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді. Өткен жылдағыдай, соңғы оқу күні — 23 мамырда еліміздің барлық мектебінде «Білімім — Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Бұл бүкіл білім беру жүйесі үшін маңызды шара, оқушылар мен ұстаздар оқу жылын қорытындылап, ең маңызды әрі қызықты сәттерді бірге еске алады,- делінген хабарламада.
Ақпаратта айтылғандай, бірыңғай сынып сағаты оқушылардың бойында білімге ұмтылыс, патриотизм және еңбекқорлық сияқты қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған.
- Биыл оқу жылының аяқталуы жексенбі күнімен сәйкес келгендіктен, 11-сынып түлектері үшін салтанатты шара мектеп әкімшілігінің шешімімен 23-ші немесе 24-ші мамырда өткізіледі. Сондай-ақ, барлық оқушы үшін тең жағдай мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектеп форматынан тыс, сән-салтанатты іс-шаралар ұйымдастыру, ақша жинау, автокөлікпен шеруге шығу және басқа да мерекелеу түрлеріне жол берілмейтінін тағы да еске саламыз, - деп хабарлайды ведомстводан.
Бұған дейін Ғани Бейсембаев соңғы қоңырау кезінде ата-аналар мектептегі мерекелік іс-шараларға шығындалып, балаларды ысырапқа үйретпеуі керектігін айтып, үндеу жасаған еді.
Еске салсақ, елордалық оқушылардың соңғы қоңырау салтанатты шарасын өткізуге қатысты желіде ақпарат тарады.
Кейін Астана әкімдігі соңғы қоңырауға қатысты желіде тараған ақпаратқа түсінік берді.