Биыл Ертіс жайылмаларының 90%-ға жуығын су басуы ықтимал
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы су қоймаларынан суды өзенге жберудің негізгі кезеңі 30 сәуірде аяқталады.
Биыл Ертіс бойын мол ырыздық күтіп тұр. Өзен жайылмаларын тіршілік нәріне қанықтыру үшін қолға алынатын жыл сайынғы су жіберу шаралары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. 16 сәуірде басталған негізгі кезеңде секундына 3500 текше метр су жіберіліп жатыр.
- Көктемгі су жіберу жалпы 3 кезеңнен тұрады. Алғашқы дайындық кезеңі 9-13 сәуірде жүрді. Бұл аралықта мамандар су қоймаларының шлюзінен суды біртіндеп арттыра береді. Өзен бойындағы кейбір жерлерде мұз кептелісін болдырмау әрі ықтимал су басудың алдын алу үшін су көлемін біртіндеп көтеретін арнайы кестеге сүйенеміз. Одан соң 14-30 сәуір аралығы – негізгі кезең. Мұнда жіберілетін су максималды деңгейге – секундына 3500 текше метрге жеткізіледі. Ең жоғары су жіберу қарқыны (секундына 3500 текше метр) 8 күнге ұласып, 23 сәуірде аяқталуы керек еді. Бірақ Павлодар облысының әкімдігі бізден бұл кезеңді тағы 3 күнге созуды өтінді. Соған сәйкес, 24 сәуір күні су жіберудің максималды жылдамдығы сақталып, 25-26 сәуір күндері ол секундына 3300 текше метрге түсірілді. Яғни су жіберудің ядролық кезеңі 8 күн емес, 11 күнге ұласып отыр. Бұл жайылмаларға шығатын судың көлемін еселей түсетіні анық. Шлюздерден жіберілген су Павлодар аумағына шамамен 5-7 күнде жететінін ескерсек, алдағы бір аптада өзен деңгейі әлі де көтеріле береді. Ал су жіберудің соңғы кезеңінде көлем азая береді. Дәстүрлі табиғат қорғау шарасы шамамен 1-5 мамыр аралығында аяқталады,-деп түсіндірді Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаров.
Су жіберуге Ертістің оң бүйіріндегі аса ірі су қоймасы – Бұқтырма, Үлбі мен Оба, Күршім және басқа да өзендер де оң әсер ететінін айтып өтуіміз керек. Бүйірлік ағындар мол болса, судың ағыны да еселеніп, Ертіс бойында үлкен толқындар тууына себеп болады. Биыл бұл өзен-сулар ылғал мол жинауына байланысты табиғат қорғау шарасы ойдағыдай өтіп жатыр.
Жалпы, Ертіс өзенінің Павлодар өңіріндегі жайылмаларының жалпы аумағы 377 мың гектардан асады. Су өзеннің сол жағындағы жайылмаға көбірек шығып, ені 12 шақырымға дейін жайылады. Жайылмалар Аққулы, Май, Павлодар, Ақтоғай, Тереңкөл, Железин, Ертіс аудандары мен Ақсу, Павлодар қалаларының аумақтарында орналасқан.
- Алдын ала болжамымыз бойынша, су Ертіс жайылмаларының 90%-ға жуығын басуы ықтимал. Ең аз дегенде 80%-дан асатын болады. Өзендегі тепе-теңдікті, әсіресе, жаз бен күзде кемелердің навигациялық кезеңін қолдау үшін Ертіске су жіберу алдағы уақытта аз көлемде (секундына 650 текше метр) жалғаса беретінін ескеруіміз керек. Су жіберудің теріс жағы да бар, ол – Бұқтырма, Шүлбі, Өскемен ГЭС-терінде электр энергиясын өндірудің уақытша азаятындығы. Қоймаларда судың деңгейі түсетіндігіне байланысты уақытша тежелістер болады. Бірақ бұл тұтас энергиялық жүйеге әсер етпейді,-дейді Елеусіз Қамбаров.
Еске сала кетейік, 2024 жылы Семейдегі көпір құрылысына байланысты Ертіске ағызылып жатқан судың қарқыны бәсеңдеп қалған еді.
Ал Павлодар облысының әкімдігі биыл Ертіс өзеніне босатылатын судың көлемі 7 млрд текше метден кем болмайтынын хабарлаған.