Биыл халықтың көмірге деген қажеттілігі 1 млн тоннаға кемиді

АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы жылыту маусымында халықты көмірмен қамтамасыз ету үшін Республикалық штаб жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.

Фото: Freepik

- Халықты көмірмен қамтамасыз ету мақсатында министрлік тарапынан барлық мүдделі тараптардың қатысуымен Республикалық штаб жұмыс істейді. Жалпы алғанда, алдағы жылыту маусымына халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге деген қажеттілігі 7,3 млн тонна болады. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін – 1,6 млн тонна, халық үшін – 5,7 млн тонна. Айта кету керек, өткен жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың көмірге нақты қажеттілігі 8,3 млн тонна болды. Биыл көмірге қажеттілік көлемінің төмендеуі елді 2035 жылға дейін газдандырудың бас схемасын іске асыруға байланысты, - деді министр.

Оның айтуынша, өңірлерді қатты отынның қажетті көлемімен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында министрлік жасанды интеллект және предиктивтік талдау элементтері енгізілген Бірыңғай цифрлық платформа әзірледі. Жүйеге 36 көмір өндіруші кәсіпорынның деректері, 29 мың жартылай вагонды пайдалана отырып жүзеге асырылатын теміржол тасымалдары, 586 көмір тұйығы операторының қызметі және 1,2 млн астам тұтынушы туралы мәліметтер біріктірілген.

Платформа нақты уақыт режимінде көмірдің өндіруден және жөнелтуден бастап халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторға жеткізілуіне дейінгі барлық кезеңдегі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тапшылық тәуекелдері мен бекітілген кестелерден ауытқуларды автоматты түрде анықтайды.

- Министрлік ішкі нарықты қажетті көмір көлемімен қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараы қабылдады.Алдағы жылыту маусымын тұрақты өткізу мақсатында министрлік барлық техникалық және ұйымдастырушылық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді, - деді Ерлан Ақкенженов.

Бұған дейін энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін айтарлықтай кредиторлық берешегі сақталып отырғанын жазған едік.