Энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін айтарлықтай кредиторлық берешегі сақталып отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Елдің энергетикалық инфрақұрылымын жылыту маусымына дайындау мақсатында Үкімет резервінен 27,9 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.

Новые профессии для энергетики Казахстана
Фото: Энергетика министрлігі/ЖИ

- Энергия көздерінің отын қоймаларында 4,2 млн тонна көмір жинақталды, сондай-ақ 137 мың тонна мазут қоры қалыптастырылды. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда 2 пайыз жоғары. Министрлік қыркүйек айынан бастап көлемі 255 мың тонна «әлеуметтік» мазут жеткізу кестесін бекітті. Осыған байланысты шарттарды жасасу және қажетті отын қорын қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдету қажет. Бүгінгі күні энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін айтарлықтай кредиторлық берешегі сақталып отыр. Атап айтқанда, электр станцияларының «QazaqGaz Aimaq» компаниясының алдындағы берешегі 71,9 млрд теңге, - деді министр.

Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, елдің энергетикалық инфрақұрылымын жылыту маусымына дайындау бойынша шұғыл шараларды қабылдау мақсатында Үкімет резервінен 27,9 млрд теңге, оның ішінде:

- жылу көздерін жөндеуге және салуға 12,7 млрд теңге;

- жылу желілерін салуға және реконструкциялауға 8,4 млрд теңге;

- электр желілерін реконструкциялауға 6,8 млрд теңге бөлінді.

- Биыл 377 шақырым жылу желісін жөндеу және реконструкциялау үшін 196,8 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде: 82,5 млрд. теңге бюджет қаражаты, 98,1 млрд теңге «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында, сондай-ақ 16,2 млрд. теңге кәсіпорындардың тарифтік сметалары есебінен. Атап өтсек, биыл жылу желілерін қаржыландыру 34 пайызға, жұмыс көлемі 14 пайызға артты. Бүгінгі таңда орындалу деңгейі 65 пайыз құрайды. Осыған байланысты әкімдіктер жылыту маусымы басталғанға дейін жөндеу жұмыстарының көлемдерін қысқартпай, толық орындауы қажет, - деді ол.

Айта кетейік, отырыста Үкімет басшысы Олжас Бектенов оңтүстік өңірлердің электр энергиясы сенімділігін күшейтуді тапсырды.