Биыл қандай жаңа халықаралық әуе рейстері ашылады

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылы Азия, Таяу Шығыс және Еуропа елдеріне жаңа халықаралық әуе бағыттарын ашу және кейбір бағыттарды қайта іске қосу жоспарланып отыр.

Бұл жөнінде ҚР Туризм және спорт министрлігі ресми жолдаған сауалымызға берген жауабында мәлімдеді.

— LOT Polish Airlines әуе компаниясы Алматы — Варшава (Польша) бағыты бойынша рейс ашады. Сонымен қатар Air Arabia және Royal Jordanian әуе компаниялары тиісінше Алматы — Даммам (Сауд Арабиясы) және Алматы — Амман (Иордания) бағыттары бойынша рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Ал Lufthansa әуе компаниясы Алматы мен Астанадан Майндегі Франкфуртке (Германия) рейстерді қайта жаңғыртады, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ отандық әуе компаниялары да жаңа рейстер ашпақ.

— SCAT Airlines әуе компаниясы Шымкент — Бішкек (Қырғызстан), Шымкент — Новосибирск және Шымкент — Санкт-Петербург (Ресей) бағыттары бойынша, сондай-ақ Шымкент — Тель-Авив (Израиль) бағыты бойынша жаңа рейстер ашады, — делінген ресми жауапта.

Ал Air Astana әуе компаниясы Алматы және Астана — Салала (Оман), Алматы — Даламан (Түркия), Алматы және Астана — Ларнака (Кипр), Астана — Гуанчжоу (Қытай), Алматы — Шанхай (Қытай) бағыттары бойынша рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар 2026 жылы Алматы — Токио (Жапония) бағыты бойынша рейс ашу мәселесі пысықталып жатыр.

— FlyArystan әуе компаниясы Алматы — Самарқанд (Өзбекстан), Ақтау — Үрімші (Қытай) және Алматы — Сиань (Қытай) бағыттары бойынша жаңа рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр, — делінген хабарламада.

Сонымен бірге ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстаннан 30 елмен 135 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы орнатылған. Ал рейстердің жалпы жиілігі — аптасына 626 рейс.

Халықаралық әуе қатынасы орнатылған елдердің қатарына Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия, Беларусь, Әзербайжан, БАӘ, Сауд Арабиясы, Қатар, Иран, Оман, Мысыр, Кувейт, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан, Вьетнам, Таиланд, Моңғолия, Камбоджа, Малайзия, Мальдив аралдары, Шри-Ланка, Түркия, Ұлыбритания, Германия, Италия, Нидерланд, Польша және Чехия кіреді.

Айта кетейік, бұған дейін әуе рейстеріне қатысты тарифтік саясатқа назар аудару жөніндегі сарапшы пікірін жариялағанбыз.