2026–2027 оқу жылына Қазақстанда барлығы 89 457 білім беру гранты бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда өте аз. Былтыр 93 232 грант қарастырылған еді, яғни биыл мемлекеттік тапсырыс 3 775 орынға қысқарды.
Соңғы үш жылдағы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, бұған дейін, грант саны айтарлықтай өзгермегенін байқауға болады. 2024–2025 оқу жылында 93 116 грант бөлінсе, 2025–2026 оқу жылында олардың саны 93 232-ге жеткен. Демек өткен жылы аз да болса өсім болған. Ал жаңа оқу жылында мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі алғаш рет кең көлемде қысқарды.
Бұл көрсеткіш ең әуелі магистратураға әсер етті. Өткен оқу жылында бұл деңгейге 13 229 грант бөлінсе, биыл олардың саны 11 007-ге дейін азайды, яғни 2 222 орын немесе шамамен 17 пайызға қысқарған. Бакалавриаттағы өзгеріс әлдеқайда аз, грант саны 77 084-тен 75 371-ге төмендеді. Айырмашылық — 1 713 орын.
Ал докторантурадағы грант саны керісінше көбейді. Егер 2025–2026 оқу жылында 2 919 грант бөлінсе, 2026–2027 оқу жылында олардың саны 3 079-ға жетті, сонда небәрі 160 орынға өсім байқалады. Алайда мемлекеттік тапсырыс қысқарғанымен, докторантурадағы грант санының артуы ғылыми кадрлар даярлауға көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді.
Соған қарамастан, мемлекеттік гранттардың басым бөлігі бұрынғыдай бакалавриатқа тиесілі. Жалпы 89 457 гранттың 75 371-і осы білім деңгейіне бөлінген. Демек мемлекеттік білім беру тапсырысының 84 пайыздан астамы бакалавриаттың үлесінде.
Қай мамандықтарға грант саны қысқарды?
Бакалавриаттағы білім беру бағыттарын жеке қарастырсақ, мұнда да елеулі өзгерістер бар. Ең көп инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына грант саны қысқарған. Өткен оқу жылында бұл бағытқа 18 806 грант бөлінсе, биыл олардың саны 16 674-ке дейін азайды. Соған қарамастан, инженерлік бағыт бакалавриаттағы ең ірі саласы болып қала береді. Тегін оқыту бағдарламасын азайтқанымен, мемлекет ең көп грантты әлі де осы бағытқа бөліп отыр.
Қысқарған көлем бойынша екінші орында — ақпараттық-коммуникациялық технологиялар. Бұл бағыттағы грант саны 11 585-тен 10 387-ге дейін азайды, яғни шамамен 1 200 орынға кем. Алайда бөлінетін грант саны бойынша бұл бакалавриаттағы үшінші ірі бағыт.
Ал педагогикалық ғылымдарға келсек, жаңа оқу жылында бұл бағыттағы грант саны да едәуір азайды. Егер өткен жылы педагог кадрларын даярлауға 13 226 грант бөлінсе, биыл олардың саны 12 228 болды.
Қай мамандықтарда грант саны өзгеріссіз қалды?
Кей білім беру бағыттарында грант саны айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Өнер және гуманитарлық ғылымдарға бұрынғыдай 1 915 грант бөлінді. Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат бағытына — 1 485, бизнес, басқару және құқыққа — 1 423, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға — 9 188, денсаулық сақтау саласына 2 700 грант қарастырылған. Ал қызмет көрсету саласында ғана аздаған өзгеріс бар, грант саны 2 200-ден 2 170-ке қысқарды.
Жалпы бір бағытта грант азайса, екіншісінде көбейген шығар деген ой тууы мүмкін. Биыл бакалавриаттағы ауыл шаруашылығы және биоресурстар бағытына қосымша грант бөлінді. Бұл саладағы грант саны 2 379-дан 2 515-ке дейін өсті. Инженерлік немесе педагогикалық бағыттармен салыстырғанда өсім аса жоғары емес. Алайда грант саны қысқарған жылы аграрлық салаға бөлінетін орынның көбеюі бұл бағытқа көңіл бөліне бастағанын аңғартады.
Қай мамандықтарға грант көбейді?
Кейбір бағыттардағы грант саны қысқарғанымен, оның ішіндегі жекелеген мамандықтарға бөлінетін орын керісінше көбейген.
Ең үлкен өсім механика мамандығында тіркелді. Өткен жылы бұл мамандыққа 889 грант бөлінсе, биыл олардың саны 1 300-ге жетті, грант саны 411 орынға артқан. Сондай-ақ арнайы педагогика мамандығында да айтарлықтай өсім байқалады, грант саны 593-тен 965-ке дейін көбейіп, 372 орын қосылды.
Бұдан бөлек жер туралы ғылымдар бағыты бойынша грант саны 988-ден 1 197-ге, агроинженерияда 299-дан 447-ге, химиялық инженерия және процестер мамандығында 370-тен 500-ге өсті. Ал гидротехникалық құрылыс және су ресурстарын басқару бағытына бөлінетін мемлекеттік тапсырыс екі еседен астам көбейіп, 100 гранттан 215 грантқа жетті.
Педагогикалық бағытта да гранттар көбейген. Атап айтқанда математика пәні мұғалімдерін даярлауға бөлінетін грант саны 1 087-ден 1 200-ге дейін артты.
Қай мамандықтардағы грант саны қысқарды?
Грант саны қысқарған мамандықтар да бүгінгі еңбек нарығындағы жағдайын аңғартады. Бұл көрсеткіштер елде қай сала мамандарына сұраныс төмендегенін көрсетеді.
Мәселен ақпараттық қауіпсіздік мамандығына өткен жылы 3 000 грант бөлінсе, биыл олардың саны 2 260-қа дейін азайды. Грант саны 740 орынға қысқарған. Алайда бұл мамандық грант көлемі жағынан әлі де ең ірі бағыттардың бірі. Сондықтан мұны салаға қызығушылықтың төмендеуі емес, соңғы жылдары айтарлықтай ұлғайған мемлекеттік тапсырысты қайта теңестіру деп бағалауға болады.
Сондай-ақ механика және металл өңдеу бағытына бөлінетін грант саны 1 800-ден 1 244-ке дейін қысқарды. Қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс мамандықтарына бөлінетін грант саны 1 500-ден 1 068-ге, ал тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру бағыты бойынша 1 710-нан 1 301-ге дейін азайды.
Сонымен қатар бұл тізімге тоқыма өндірісі, киім, аяқкиім және былғары бұйымдары (720-дан 459 грантқа дейін), биологиялық және сабақтас ғылымдар (1 087-ден 855-ке дейін), сондай-ақ металлургия (500-ден 279 грантқа дейін) саласы енді.
Инженерлік бағыт, педагогика мен ІТ көш бастап тұр
Жаңа оқу жылындағы грант санының жалпы көлеміне назар аударсақ, көш бастап тұрған бағыттар өткен жылдардағыдай сақталған. Бакалавриатта ең көп грант инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бөлінді, 16 674 орын берілген. Екінші орында педагогикалық ғылымдар — 12 228 грант. Үшінші орында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағыты тұр. Бұл салаға 10 387 грант қарастырылған.
Одан кейін жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика бағытына 9 188 грант бөлінген. Денсаулық сақтау саласына — 2 700, ауыл шаруашылығы және биоресурстарға — 2 515, қызмет көрсету саласына 2 170 грант қарастырылған.
Бакалавриаттағы ірі бағыттардың ішінде ең аз грант ветеринарияға бөлінді — 1 175 орын. Сондай-ақ бизнес, басқару және құқық бағытына 1 423, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат бағытына 1 485 грант берілген.
Алайда мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі мен талапкерлер сұранысын шатастырмаған жөн. Грант санының аз болуы мамандықтарға қызығушылық төмен дегенді білдірмейді. Тек мемлекет аталған бағыттар бойынша қаржыландыратын орын санының аз екенін көрсетеді.
Жекелеген білім беру бағдарламаларының топтары бойынша ең көп грант ақпараттық технологияларға тиесілі. Бұл бағытқа 4 902 грант бөлінген. Екінші орында ақпараттық қауіпсіздік — 2 260, үшінші орында медицина — 1 501 грант. Айта кететін жайт, жаңа оқу жылында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағыты бойынша грант саны азайғанына қарамастан, ең көп грант бөлінген екі ірі білім беру бағдарламасы цифрлық салаға тиесілі болып отыр.
Ал ең аз грант бейінді білім беру бағдарламаларына бөлінген. Мәселен мейіргер ісіне небәрі 19 грант қарастырылған. Спорт, қоғаммен байланыс, материалдарды қысыммен өңдеу, геодезия және картография мамандықтарының әрқайсысына 20 гранттан бөлінді.
Еске сала кетейік, елімізде білім беру гранттарын тағайындау конкурсына құжат қабылдау 13-20 шілде аралығында өтеді.
Бұған дейін, білім гранттарының саны бес жылда 40 пайыздан астам өскенін жазған едік.