Биыл Қазақстан үшін нағыз өрлеу жылы болды —Президент
ТАРАЗ. KAZINFORM — Бұл туралы Мемлекет басшысы Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесу барысында айтты.
Мемлекет басшысы жанашырлық пен қамқорлықты, тазалық пен жауапкершілікті арқау еткен жаңа мәдениет қалыптасып келетінін айтты.
— Осы орайда, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын айрықша атап өткім келеді. Биыл елімізде 335,6 миллион ағаш егілді. Расында, осы бірегей жоба халықтық сипатқа ие болды, еліміздің болмысын, сана-сезімін өзгертуге зор ықпал етті.
Мен өзім осы жалпыұлттық қозғалысқа ерекше мән беріп отырмын. Таза болу дегеніміз, бұл — өте терең, маңызды ұғым. Бұл — ең алдымен, көшелеріміз, үйлеріміз, пәтеріміз таза болуы керек деген сөз. Ниетіміз де әрқашан таза болуы қажет. Кең даламызда жасыл желек, ағаш көп өсуі керек. Түптеп келгенде, тазалық — ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы қажет, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстан үшін нағыз өрлеу жылы болғанын айтты.
Жалпы, осы жыл Қазақстан үшін нағыз өрлеу жылы болды деп айтсақ, артық болмайды.
— Оқушыларымыз түрлі білім додасынан 1 мыңнан астам медаль алды. Спортшыларымыз ел мерейін өсіріп, көк байрағымызды биікте желбіретті. Өнерлі өрендеріміз төл мәдениетімізді төрге оздырды. Жер жүзі халқымызды рухы биік әрі озық ойлы ұлт ретінде тани бастады, — деді ол.
Айта кетелік Мемлекет басшысы Жамбыл облысының экономикасын күшейту керек, оған қажетті жағдай да, мүмкіндік те бар екенін айтқан еді.