Осылайша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында (ТжКБ) оқуға қабылдау, өтініштерді қарау, әңгімелесу өткізу және білім алушылар қатарына қабылдау жұмыстарын ұйымдастыру үшін 10 маусымнан кешіктірілмей ұйым басшысының бұйрығымен қабылдау комиссиясы құрылады. Комиссия құрамы мүшелерінің саны тақ болуы тиіс.
Қабылдау комиссиясының құрамына Қамқоршылық кеңестің өкілдері (ол болмаған жағдайда — жұмыс берушілердің өкілдері), қоғамдық ұйымдар мен білім беру ұйымдарының өкілдері кіреді.
Қабылдау комиссиясының төрағасы болып ТжКБ ұйымының басшысы немесе оның міндетін атқарушы тұлға тағайындалады.
Қабылдау комиссиясының жұмысын хатшы ұйымдастырады. Ол азаматтарды қабылдауды жүргізеді, өтініштерге жазбаша жауап береді, комиссияның ақпараттық материалдарын дайындайды, әңгімелесулерді, емтихан алдындағы консультацияларды, арнайы және шығармашылық емтихандарды ұйымдастырады, сондай-ақ емтихан және жазбаша жұмыстарды кодтау және декодтау жұмыстарын орындайды.
Хатшы қабылдау комиссиясының мүшесі болып саналмайды.
Қабылдау комиссиясының жұмысында мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда оның құрамы қайта қаралады.
Карантин немесе әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қабылдау және емтихан комиссияларының жұмысы цифрлық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар талапкерлерден құжат қабылдау мерзімдері нақтыланды.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша орта буын мамандары мен қолданбалы бакалаврларды даярлауға өтініштерді қабылдау:
— мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша күндізгі оқу нысанына (негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім базасында) — күнтізбелік жылдың 25 маусымынан 22 тамызына дейін;
— ақылы негізде — 25 маусымнан 27 тамызға дейін;
— кешкі және сырттай оқу нысаны бойынша — 25 маусымнан 20 қыркүйекке дейін;
— шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтар бойынша — 25 маусымнан 20 шілдеге дейін;
— педагогикалық мамандықтар бойынша (негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім базасында) — 25 маусымнан 10 тамызға дейін;
— медициналық мамандықтар бойынша: негізгі орта білім базасында — 25 маусымнан 10 тамызға дейін, ал жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім базасында — 25 маусымнан 15 тамызға дейін.
Мемлекеттік қызметтерді алу:
— Қазақстан Республикасының орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері үшін «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы;
— ал білім туралы құжаттары цифрландырылмаған бұрынғы жыл түлектері, шетелдік оқу орындарының түлектері, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі адамдар үшін — техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арқылы жүзеге асырылады.
Портал немесе Ұлттық білім беру деректер қоры (ҰБДҚ) жұмысында техникалық ақау болған жағдайда құжат қабылдау жергілікті атқарушы органдар айқындайтын ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырылады.
Құжаттар мемлекеттік қызмет көрсету талаптарына сәйкес ұсынылады.
Қажет болған жағдайда талапкер «бір өтініш» қағидаты бойынша жатақхана алу және тегін тамақтану қызметтеріне де өтініш бере алады.
Өтініш нәтижелері қабылдау қорытындысы бойынша ұсынылады.
Оқуға қабылданғаннан кейін білім алушы 3 күн ішінде электрондық оқыту шартын қол қоюы тиіс. SMS-хабарлама mGov қосымшасының Bilim сервисі арқылы жіберіледі.
Талапкерлердің өтініштері Ұлттық білім беру деректер базасында (ҰБДБ) тіркеледі.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына түсушілермен (жұмысшы мамандықтары және орта буын мамандықтары бойынша) әңгімелесу өткізіледі. Әңгімелесу 20 минуттан аспайды.
Арнайы немесе шығармашылық емтихандардың сұрақтары мен бағалау критерийлерін қабылдау комиссиясының төрағасы бекітеді.
Арнайы білім беру қажеттілігі бар балалар үшін де әңгімелесу қарастырылған. Олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері тиісті құжаттарды (психологиялық-педагогикалық мінездеме және т. б.) ұсынады.
Қашықтан жағдайларда әңгімелесу онлайн форматта өткізіліп, бейнежазбаға түсіріледі және 3 жыл сақталады.
Орын саны шектеулі болған жағдайда қабылдау конкурс және орташа балл негізінде жүзеге асырылады.
Арнайы білім беру қажеттілігі бар тұлғаларды қабылдау медициналық және психологиялық-педагогикалық қорытындылар негізінде жүргізіледі.
2026 жылғы 12 шілдеден бастап:
Грантқа үміткерлер кәсіби диагностикадан (ерікті түрде анкеталау) өтеді. Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтарға түсуге үмітті түлектер арнайы немесе психометриялық тестілеуге жіберіледі.
Педагогикалық, медициналық және өнер саласы мамандықтарына түсушілер арнайы емтихандар тапсырады.
Медициналық мамандық таңдағандар эссе жазады.
Ағылшын тілінде оқытылатын мамандықтарға түсушілер үшін қосымша тілдік әңгімелесу өткізіледі.
Әңгімелесу нәтижелері «Рұқсат етілді» / «Рұқсат етілмеді» түрінде бағаланады.
Бұйрық 2026 жылғы 19 маусымнан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, 5 мыңнан астам колледж оқытушысы біліктілігін арттырды.