Биыл мемлекеттен заңсыз шығарылған активтердің 40 млрд теңгесі қайтарылды

АСТАНА.KAZINFORM — Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен Бас прокуратураның 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызмет қорытындыларына арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Фото: Бас прокуратура

Әлеуметтік бағдарламалардың табысты іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында прокурорлардың күш-жігері құқық бұзушылықтардың жолын кесуге және мемлекетке келтірілген залалды өтеуге бағытталды.

Прокурорлардың қабылдаған шараларының нәтижесінде мемлекет пайдасына 147 млрд теңге өндірілді (мүлік, салықтар, экологияға келтірілген залал және басқа да төлемдер).

Президенттің мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде прокурорлар 342 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік қаражаттың заң бұзушылықтармен жұмсалуына жол бермеді. Бұл ретте шығыстарды негізсіз жоспарлауға, бәсекелестікті шектеуге, артық тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жол бермеуге ерекше назар аударылуда.

Активтерді қайтару және оларды заңды экономикалық айналымға тарту жөніндегі жүйелі жұмыс жалғастырылды.

— Биыл мемлекеттен заңсыз шығарылған активтердің 40 млрд теңгесі қайтарылды (оның ішінде 37,7 млрд теңге ақшалай қаражат, 2,3 млрд теңге көлеміндегі мүлік).

Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен 39 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді (олардың қатарында Ақтау қаласындағы жедел медициналық жәрдем станциясы, Шымкент қаласындағы студенттер жатақханасы, Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол стадионы, Балқаш қаласы әуежайын реконструкциялау және басқа да нысандар бар), — делінген хабарламада.

Заң талаптарын сақтайтын бизнесті кешенді прокурорлық қорғау жүйесі қалыптастырылды.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы ерекше бақылауда.

Президент Жарлығымен құрылған Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет өз өкілеттіктерін іске асыруға кірісті.

Негізгі назар ден қою шараларынан жүйелі әрі проактивті жұмысқа көшуге, яғни проблемалардың түпкі себептерін анықтап, оларды жоюға аударылды.

— Қазіргі уақытта прокурорлардың сүйемелдеуінде 3 мыңнан астам инвестициялық жоба бар. Оларды іске асыру жаңа экономикалық өсу нүктелерін қалыптастыруға, салық базасын кеңейтуге, жұмыспен қамтуды арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді. Аталған жобаларды жүзеге асыру аясында 600 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Инвестицияларды тарту, активтерді қайтару және қылмыскерлерді экстрадициялау мәселелерін қоса алғанда, халықаралық ынтымақтастықты дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.

Бас прокуратураның қоржынында 39 юрисдикциямен жасалған 92 екіжақты шарт бар. Олардың қатарында Ұлыбритания, Гонконг, Үндістан, Испания, Италия, АҚШ, Монако Князьдігі, Франция, Макао және басқа мемлекеттер мен аумақтар бар.

— Қазақстанға 27 адам экстрадицияланды (Грузия, Қырғызстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Түркия, Черногория және басқа елдерден), ал шет мемлекеттерге 70 адам берілді (Армения, Беларусь, Қырғызстан, Моңғолия, Польша және басқа елдерге), — делінген хабарлама.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша Бас Прокурор қадағалау органының алдағы жұмысының негізгі бағыттарын айқындады. Олар жүйелі цифрлық трансформация қағидаттарына, құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және мемлекеттің барлық қызмет салаларында заңдылық режимін дәйекті түрде нығайтуға негізделетін болады. 

Айта кетелік есірткіден түскен 2,6 млрд теңге заңсыз кіріске тосқауыл қойылғаны туралы жазған едік