Биыл отандық тауар өндірушілердің реестрі іске қосылады – Өнеркәсіп министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл отандық тауар өндірушілердің реестрі іске қосылады. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.
— Биыл отандық тауар өндірушілердің реестрі іске қосылады, ол нақты өнім өндірушілерді анықтауға және қолдаудың нысаналы сипатын арттыруға бағытталған. Оның басты артықшылығы цифрлық верификация және тоқсаннан астам мемлекеттік дерекқормен интеграцияланған автоматтандырылған тексеру жүйесі болады, - деп мәлімдеді министр «Казахстанская правда» басылымына берген сұхбатында.
Спикер бұл жаңа бастаманың отандық тауар және өнім өндірушілерге қандай пайдасы барын атап өтті.
— Өндірушінің бұл реестрде болуы мемлекеттік сатып алуларда және мемлекеттік қолдау шаралары кезінде (қаржылай да, қаржылай емес қолдау кезінде де) міндетті талапқа айналады. Бұл шаралар түрлі салаларда тұрақты өсімге қол жеткізуге, отандық тауар өндірушілерді қолдауға, импортқа тәуелділікті азайтуға және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған, - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, елімізде СТ-КЗ сертификаты мен Индустриялық сертификаттың орнына қазақстандық тауарлар реестрі әзірленіп жатыр. Бұған дейін заңдағы басты жаңалықтар туралы Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева айтып берген еді.