Кейінгі жылдары Өзбекстанда «жасыл» энергия көздерінің үлесі 16%-ға жетті. Биыл бұл көрсеткішті 26%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Ол үшін 16 күн және жел электр станциясы, 5 гидроэлектростанция мен қуаты 1,8 ГВт болатын энергия сақтау ораталығы салынады.
«Жасыл» технологияны енгізуді ынталандыру мақсатында үстіміздегі жылы мемлекеттік кәсіпорындар мен үйлерде күн панельдерін орнату жалғасады. Бұл жұмыстарға 2 трлн сум (шамамен $154 млн) несие бағытталмақ.
Сонымен қатар, электр энергиясынын шығынын 15-20%-ға қысқарту үшін арнайы бағдарлама әзірленеді. Ауаға бөлінетін зиянды қалдықтардың көлемін азайту мақсатында халықаралық қаржы институттарынан $300 млн ақша тарту жоспарланған.
Еске салайық, кеше Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның Энергетика министрлері Ташкентте бас қосып, «Қамбар ата - 1» ГЭС жобасын іске асыру мүмкіндігін талқылаған еді.
Айта кетейік, Өзбекстанда электр энергиясының 80%-ы газбен жұмыс істейтін жылу электр станцияларында өндіріледі. Бұл ретте былтыр ресми Ташкент көгілдір отын импортын 2 есе арттырды.
Бұған қоса, өткен жылы газ бен электр энергиясын заңсыз пайдаланған өзбекстандықтар мемлекетке $108 млн шығын келтірді.