«Қамбар ата» ГЭС-і Орталық Азияның энергетикалық әлеуетін нығайта түседі
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Үш елдің Энергетика министрлері Ташкентте бас қосып, «Қамбар ата - 1» жобасын іске асыру мүмкіндігін талқылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Кездесуге Өзбекстан мен Қырғызстаннан энергетика ведомстволарының басшылары, ал Қазақстан атынан вице-министр Сұңғат Есімханов қатысты. Сонымен қатар, талқылауда Дүниежүзілік банк өкілдері де «Қамбар ата - 1» гидроэлектростанциясы жобасын жүзеге асыруға қатысты ой-пікірлерін қосты.

Ұйымдастырушы тарап ретінде жиында алғаш болып сөз алған Өзбекстанның Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов ГЭС-ті салу барлық Орталық Азия елдері үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Бұл ретте ресми Ташкент жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

- «Қамбар ата - 1» ГЭС-і өңірдің энергетикалық әлеуетін одан әрі бекемдей түсуге ықпал етеді. Сондай-ақ, «жасыл» экономикаға ойысуға ниетті мемлекеттеріміздің жоспарын жүйелі іске асыруға мүмкіндік ашады, - деді Журабек Мирзамахмудов.
ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов та аталған жобаның маңыздылығына тоқталды. Оның пайымынша, «Қамбар ата - 1» ГЭС-ін салу жүйелі ұйымдастырылған іс-қимылды талап етеді.

- Елдеріміз арасындағы серіктестік «Қамбар ата - 1» гидроэлектростанциясы жобасын табысты іске асыруға мүмкіндік берді және өңірдегі ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Соның негізінде мемлекеттерде әлеуметтік-экономикалық ілгерілеу қарқын алады, - деді Сұңғат Есімханов.
Үш ел гидроэлектростанциясының құрылысын қаржыландыру үшін Дүниежүзілік банкке ұсыныс жолдаған. Тиісінше, қазіргі таңда аталған ұйым мамандарының қатысуымен жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр.

- Дүниежүзілік банк Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан үкіметтерінің жоспарын қолдайды. Біз «Қамбар ата» станциясының құрылысын жүзеге асыру үшін техникалық көмек көрсетеміз. Сонымен қатар, өзге де халықаралық серіктестермен бірлесіп, жобаға қаржат тарту міндеті тұр. Бұл бағытта тиісті жұмыстарды қолға алдық, - деді Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы өңірлік директоры Татьяна Проскурякова.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмыстарды жалғастыруға және осындай форматтағы басқосуларды тұрақты негізде өткізіп тұруға уағдаласты.
Еске салайық, бұған дейін Ташкент пен Кабул трансауған теміржолының құрылысын жеделдетуге ниетті екенін жазып едік.
Сонымен қатар, кеше Өзбекстан мен Қырғызстан президенттері бейресми кездесу өткізіп, бірлескен жобаларды ілгерілетуге келісті.
Қоса кетсек, Еуроодақ пен Орталық Азия елдерінің саммиті биыл сәуірде Самарқанда өтеді.