Ташкент пен Кабул трансауған теміржолының құрылысын жеделдетуге ниетті

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — «Хайратон — Мазари-Шариф» теміржолын пайдалану және оған тиісті жөндеу жүргізіп тұруға арналған келісімшарт мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Ташкент пен Кабул трансауған теміржолының құрылысын жеделдетуге ниетті
Фото: Өзбекстанның Көлік министрлігі

Өзбекстанның Көлік министрі Ильхом Махкамов пен Ауғанстан Қоғамдық жұмыстар министрінің теміржол мәселелері жөніндегі орынбасары Мухаммаджон Махмадали Сохибзод Ташкентте кездесіп, ведомстволар арасындағы ынтымақтастықты талқылады.

Кездесуде тараптар трансауған теміржол дәлізін салу ісін жеделдетуге ниет білдіріп, бұл бағыттағы жұмыстарды бірлесіп ұйымдастыруға уағдаласты.

Сонымен қатар, И.Махкамов пен М.Сохибзод ведомстволар арасындағы ынтымақтастықты бекемдей түсу мақсатында «Хайратон — Мазари-Шариф» теміржолын пайдалану және оған тиісті жөндеу жүргізіп тұруға арналған келісімшарттың мерзімін ұзатты.

Бұл ретте «Өзбекстан темір жолдары» компаниясына еншілес «Согдиана транс» ұйымы «Хайратон — Мазари-Шариф» теміржол желісінің жұмысына жауапты оператор болып қала бермек.

Еске салайық, Қазақстан Ауғанстанға теміржол құрылысы материалдарын жеткізуі мүмкін.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстан биыл да Ауғанстанға электр энергиясын экспорттайды.

Соңғы жаңалықтар