Биыл Өзбекстанның ішкі жалпы өнім көлемі 180 млрд доллардан асады — Мирзиёев

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Биыл Өзбекстан экономикасының көлемі 180 млрд доллардан асады деп күтіледі. Бұл туралы V Ташкент халықаралық инвестициялық форумында сөз сөйлеген көршілес елдің президенті Шавкат Мирзиёев айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Шавкат Мирзиёев атап өткендей, Өзбекстанда инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Былтыр республиканың ішкі жалпы өнімі 7,7%-ға өсіп, экономикаға 43 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылды. Сондай-ақ, мемлекеттің халықаралық резервтері 70 млрд доллардан асты.

— Көпшіліктің есінде болса керек, осыдан төрт жыл бұрын өткен алғашқы форумда біз 2026 жылдың соңына қарай Өзбекстанның ішкі жалпы өнімін 100 млрд долларға жеткізуді мақсат еткен едік. Ал қазір қарқынды дамып келе жатқан экономикамыздың көлемі биыл 180 млрд доллардан асады деп күтіледі, — деді Өзбекстан басшысы.

Тоқтала кетейік, бұл күндері Өзбекстан астанасында V Ташкент халықаралық инвестициялық форумы өтіп жатыр. Ауқымды іс-шараға Премьер-министр Олжас Бектенов қатысып отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, президент Шавкат Мирзиёев биыл Өзбекстан экономикасының өсімі 8%-дан жоғары болатынын мәлімдеген еді.