Биыл Өзбекстан экономикасының өсімі 8%-дан жоғары болады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Болжамға сай, биыл елдің экономикалық өсімі 8 пайыздан жоғары болады. Бұл туралы Петербург халықаралық экономикалық форумында сөз сөйлеген көршілес елдің президенті Шавкат Мирзиёев айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Шавкат Мирзиёев
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

— Осыдан он жыл бұрын біз Жаңа Өзбекстанды құруға кірістік. Бұл жолда біз ашықтық пен прагматизм қағидатына басымдық бердік. Осы уақыт ішінде еліміздің экономикасы 50 млрд доллардан 147 млрд долларға дейін ұлғайды. Биыл ішкі жалпы өнім көлемінің өсімі 8 пайыздан жоғары болатынын болжап отырмыз. Мемлекетімізде ауқымды реформалар басталғаннан бері 150 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды, - деді Шавкат Мирзиёев.

Оның айтуынша, ел басшылығы «Өзбекстан - 2030» даму стратегиясы аясында жұмысты жалғастыра бермек. Тиісінше, осы кезеңге қарай ел экономикасының көлемін 240 млрд долларға жеткізу жоспарланған.

Еске салайық, бүгін Санкт-Петербург қаласында Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев пен Ресей президенті Владимир Путин кездесіп, бейнебайланыс арқылы Жизақ облысындағы АЭС құрылысын бастауға рұқсат берді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, үш айда Өзбекстан экономикасының 2,8 млрд доллары көлеңкеде қалды.