Биыл суды заңсыз алғандарға 41 млн теңге айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM – Түркістан облысында шарт жасаспай су алудың 39 фактсі анықталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.

Фото: ҚР Су ресурстары министрлігі

- Осы жылдың басынан бастап, фермерлермен су беру бойынша шарттарды жасасу рәсімін электрондық форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде. Енгізіліп жатқан ақпараттық жүйе сумен қамтамасыз етудің толық циклін қамтиды: өтініш беру мен шарт жасасудан бастап, нақты су тұтынуды есепке алу және оны төлеуге дейін. Қазіргі уақытта 25 мыңнан астам электрондық шарт жасалған, - деді министр.

Оның мәліметінше, су ресурстарын басқарудағы ашықтықты арттыру және жедел бақылауды күшейту мақсатында енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер Жерді қашықтықтан зондтау негізіндегі ғарыштық мониторингпен толықтырылуда. Бұл мониторингпен елдің бес оңтүстік облысы толық қамтылған.

- Осы вегетациялық маусымда ғарыштық мониторинг нәтижесінде Түркістан облысында шарт жасаспай су алу бойынша 39 факт анықталды. Нәтижесінде 197 гектар жерді суару үшін аграршылар заңсыз шамамен 790 мың текше метр су алғаны белгіленді. Қазіргі уақытта келтірілген шығындарды өндіріп алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 2025 жылы бассейндік су инспекциялары 365 әкімшілік айыппұл салды. Оның жалпы сомасы 75,2 млн теңгені құрады. Ал 2026 жылдың өткен кезеңінде 99 әкімшілік айыппұл салынып, жалпы сома 41 млн теңгеге жетті. Бұл жұмыс Бас прокуратурамен бірлесіп бекітілген «судың қара нарығын жою» жол картасы аясында жүзеге асырылуда, - деді Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарының барысы талқыға салынып жатыр.