Спикердің айтуынша, волонтерлік қызмет жастардың қарым-қатынас жасау, командада жұмыс істеу, жауапкершілік сияқты өмірлік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қоса биылдан бастап жоғары оқу орнына түсу кезінде де волонтерлік қызмет талапкердің артықшылықтарының бірі болады.
– Жалпы шетелдік университеттерге түсу кезінде талапкерлердің академиялық көрсеткіштері бірдей болған жағдайда олардың мектеп кезіндегі қоғамдық белсенділігіне назар аударылады. Биылдан бастап Қазақстанда да осы тәжірибе енгізіліп жатыр. Волонтерлікпен айналысқан жастардың жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі арта түседі, – деді ол.
Сондай-ақ ол волонтерлік жастардың жұмыс табуына да оң әсер ететінін тілге тиек етті.
– Бізде мектеп оқушылары мен студенттердің волонтерлік қызметінің арқасында жұмысқа орналасқан мысалдар аз емес. Жұмыс берушілер олардың жауапкершілігін, бастамашылдығын және тәжірибесін бағалап, кейін қызметке қабылдап жатады. Бұл – жастар үшін жақсы кәсіби мектеп, - деді Шыңғыс Тілеулин.
Өз кезегінде «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк жастарға волонтерлік тәжірибесін түйіндемеде міндетті түрде көрсетуге кеңес берді.
– Көпшілік волонтерлік қызметті жұмыс тәжірибесі ретінде көрсетуге болатынын біле бермейді. Ал бүгінде жұмыс берушілер де, жоғары оқу орындары да мұндай тәжірибеге ерекше мән береді. Сондықтан тек алғыс хатпен шектелмей, атқарылған волонтерлік сағаттардың саны көрсетілген сертификат алған жөн. Мұндай құжаттар халықаралық жоғары оқу орындарында да, Қазақстанда да жоғары бағаланады, – деді ол.
Татьяна Миронюк те биылдан бастап Қазақстанда да талапкерлердің әлеуметтік бастамаларға қатысуы мен волонтерлік қызметі жоғары оқу орнына қабылдау кезінде ескерілетін қосымша артықшылықтардың бірі болатынын еске салып өтті.
Айта кетейік, елімізде волонтерлікті қолдаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатыр.
Құжат еріктілік қозғалысын одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын айқындап, салалық волонтерлікті күшейтуді көздейді.