Биік тауда қор жәшіктері пайда болды: ішінде не бар

АСТАНА. KAZINFORM — Биік таулы аймақтардағы ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ бақылау бекеттерінің жаңа модульдік ғимараттарына туристерге арналған арнайы авариялық қор жәшіктері орнатыла бастады. Бұл туралы ТЖМ мәлім етті.

Фото: ТЖМ

Үш тілде белгіленген жәшіктер тауда бағдарынан адасып, ТЖМ бақылау бекетіне келген адамдарға арналған.

Фото: ТЖМ

— Авариялық қор адамды уақытша қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге есептелген. Оның құрамында 10 литр ауыз су, бір бума отын, дәрі қобдишасы, екі тәуліктік тамақтану рационы, сондай-ақ азық-түліктің бірнеше түрі бар. Олардың қатарында үш түрлі ботқа, екі түрлі бұқтырылған ет, кептірілген нан және тұз бар. Сонымен қатар жәшіктерде сіріңке мен консерві ашқыш қарастырылған, — деп түсіндірді министрліктен.

Фото: ТЖМ

Мұндай авариялық қорларды жасау биік таулы аймақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қосымша шара. Күтпеген жағдай туындаған кезде турист көмек келгенге немесе жақындарымен байланыс қалпына келгенге дейін қажетті азық-түлік, су және жылыну құралдарын пайдалана алады.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысындағы Төменгі Көлсай көлінде жаңа әмбебап құтқару пункттері ашылған болатын.