Қыздар университетінің бірінші проректоры Баходир Алиев қонақтарға оқу орынның тыныс-тіршілігінен хабар беретін көрме залымен, өткен жылы ашылған ҚР Тұңғыш Президенті салтанат залымен таныстырды.
«Педагог мамандарды даярлайтын киелі шаңырақта қазіргі таңда 700-ден астам профессорлық-оқытушылық құрам жұмыс жасайды. Кредиттік технология жүйесі негізінде 41 мамандық бойынша 9 000-ға жуық студент білім алуда. Сондай-ақ 23 магистрлік және 4 докторантура мамандықтары бойынша кадрлар дайындалады. Университетіміздің жетістіктері мен үздік көрсеткіштері бағаланып, 2013 жылы «Сала көшбасшысы» Ұлттық сертификатымен марапатталды», - деді Б.Алиев.
Білім шаңырағында 40-тан аса студенттік ұйым мен клуб бар. Елімізге әйгілі «Айгүл» ансамблі, «Ұлар» ұлт аспаптар оркестрі, «Томирис» би тобы, 150 адамнан тұратын үлкен хор, «Өнер - жастан» опера және «Жан сарайы» драма театры, «Тек қана қыздар» көңілділер мен тапқырлар клубы жұмыс жасайды. Соңғы бір жылда 86 студент ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша биіктен көрінсе, спорт саласында Майя Манеза, Карина Горичева, Мұхитова Айзада, Әділнұр Дидар және басқа да көптеген жеңімпаз қыздарды бөле-жара айтуға болады.
Бұдан соң еліміздің бас педагогы замануи бағытта жұмыс істейтін ғылыми зертханалармен және университет ғалымдарының ашқан ғылыми жаңалықтарымен танысты. Онда түрлі құрал-жабдықтардың жұмысын тамашалаған министр инновациялық технологияларды пайдалана отырып тұңғыш рет алынған экологиялық таза сабындарға, «ЭКСПО-2017» көрмесіне қойылатын шағын гидроэлектрстансасы жобаларына жоғары баға берді.
Жұмыс сапарының соңында Қыздар университеті жұмысына ризашылығын білдірген Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов басшылыққа салынып жатқан құрылыс нысандарын белгіленген мерзімде аяқтауды бақылауға алуды табыстап, бірнеше тапсырмалар берді.